Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  190


Автор: Ерлан Жүніс

Сәуірдегі силуэт

...Жылауға, жылауға аспан шах,
Шақ қалған. Сәскенің тұсы еді.
Сәуірдің сәулесі жасқаншақ,
Қорғаншақ көлеңке түседі.
Сәскенің тұсы еді. Сәкіде
Отырды сұлулар сырласып.
Уақыт сұрауға бекіне,
Келдім мен бір тоқтап, бір басып.
Жүрек не сұрамақ? Тіл нені?
Лирика, қайтеді шегінсек?
Сезімтал сәуірдің гүлдері,
Сәуірдің бұлттары көңілшек.
Жат еді желпілдеу, елбектеу,
Бір мінез байлады, байлады.
Сәуірде сезім бар сергектеу,
Сәуірдің жалқаулау ойлары.
Қуат жоқ аяқты басатын,
Бар қуат ішімде алысқан.
Сәуірдің ақ таңы – жас ақын,
Сәуірде қоңыр кеш – данышпан.
Елемей өткенді, өзгені,
Тербелген көз алды неше гүл.
Сылқылдап күлісіп өздері,
Сыбырлап мәз болды жас өмір.
Жымиып қоямын мен содан,
Мен соған өзімше алданып.
Бір қылық білместей ерсі одан,
Жапырақ қарайды таңданып.
Кешірші, жапырақ, бармаймын,
Сұлудан уақыт сұрама!
Кешірші, жақындай алмаймын,
Алыстай да алмаймын сірә да.
Осылай тұрайын, қарайын,
Сұлуға, сәкіге, сәуірге.
Жаныма көшіріп алайын,
Көшіріп берейін дәуірге.
Сәуірде мен білер сыр көптеу,
Бұл дағы бір сырдың өлеңі.
Сәуірде сұлулар үркектеу,
Ақындар мазасыз келеді.
Білсе егер уақыт мөлшерін,
Сұлулар асығыс кетеді.
Білмейін уақыт өлшемін,
Ол мені білгені жетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу