Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  659


Автор: Ерлан Жүніс

Қайдасың?

Қай қаланың аспанынан маңдайыңды көрейін,
Сол аспанды шаю үшін көз жасымды төгейін.
Қай жұлдыздың жарығынан көз нұрыңды
табайын,
Сол бір жұлдыз сөнбеуі үшін мен өртеніп,
жанайын.
Қай жемістің шырынынан ернің дәмін сезейін,
Сол жемісті табу үшін дүниені кезейін.
Қай даланың гүлдерінен жұпарыңды жұтайын,
Сол даланың топырағын маңдайыма тұтайын.
Қай бір құстың қос қанатын қолдарың деп
сенейін,
Сол бір құсқа сағынышымды бау қып тағып
берейін.
Қай жүректің лүпілінде махаббатың
қалды екен,
Сол жүрекке құл болғаннан артық бақыт
бар ма екен?!
* * *
Өмір мынау – у құйылған аяқтай,
Тағдыр мынау – екі ұшы бар таяқтай.
Беу, дүние-ай, безе алмаспын сонда да,
Ақтық демім шаранамды оятпай.
Жүрек мынау: дауасы не, дәру кім?!
Уызынан бал іздеймін бар удың.
Ол да өмірден жерінбес-ау, қалмаса,
Ақтық сөлім ерінінде арудың.
Санам мынау – сандырағы Заманның,
Адам болып тұру үшін алаңмын.
Күн артынан көшіп барам қалса деп,
Ақтық сөзім ауызында Ғаламның.
* * *
Арманыммен аман жеткен ақ таңнан,
Үмітіммен үлпілдеген, тілеулі.
Дәл өзімдей әлдекімнен шаттанған,
Мен де, бәлкім, шаттандырдым біреуді.
Сезіміммен жұлдызынан жаңылған,
Төзіміммен кісендеулі, шідерлі.
Дәл өзімдей әлдекімді сағынған,
Мен де, бәлкім, сағындырдым біреуді.
Көңіліммен көктемеге зарыққан,
Жүрегіммен жаз келгенше жүдеулі.
Дәл өзімдей әлдекімнен жалыққан,
Мен де, бәлкім, жалықтырдым біреуді.
* * *
Бақыт құсы бола алам ба басқаның?!
Бір үмітім сеніп еді – сезгенмін.
Бір күдігім жерiнеді – төзгенмін,
Барлығын да келетіндей тастағым,
Барлығы үшін келетіндей өзгергім,
Күлер едім: жыламаған секілді ем,
Жылар да едім: жат па маған сор да сыз,
Күліп сонда сүйесіз бе бетімнен,
Көз жасымды сүртесіз бе сонда сіз?!
Бір боздаса мұраттарым боздасын:
«Ей, дүние, көкірегің ақ па?»деп.
... Менің жаным – тәңірімнің көз жасы,
Сіңіп кеткен қара топыраққа кеп.
* * *
Ештеңе де маған жеңіл келген жоқ,
Тағы да ауыр кетіп жатыр...
Хақың бар!
...Жалғыздықтан өлген адам көргем жоқ,
Өлсе өліп қалар еді ақындар!..
Ештеңе де күткен емен басқадан,
Ешкімнің де сұрағам жоқ құлдығын,
Ақын көрін терең қаза бастаған,
Өз сүйегін қазып алатындығын,
айта алмадым, жүректі езген дертімді,
жаза алмасаң, қазбау керек екенін...
Жалғыздыққа бұрын берген сертімнің,
Бәлкім бүгін беру керек өтемін?!
Өзге түгіл, өзіне өзі жат ұлдың,
Дәті барып кім қос тігер жұртына!?
..Өлі тілде өлен жазып отырмын,
Өмірімнің шығып алып сыртына...
***
Жалғыз ішу асыңды жанға ауыр ма,
отырғанда елестер қармауында?
Өткен күннің бір мұңы бар жүректе,
өткен күннің бір дерті бар бауырда.
Серіктерім: кітаптар, сезім, өлең,
теледидар, темекі, өзім, әлем,
Үйренісіп алғанмен осыларға,
үйренісе алмадым өзіме мен!
Түн – түйсіну, сезіну, күн – ой салу,
болмады оңай өзіме ұнай салу.
Жиылмаған төсекке кешкісін кеп,
қиын маған киімшең кұлай салу!
Бейімделгіш келгенмен пенде деген,
Түз аңындай сыясың бөлмеге әрең.
Маңдайдағы жазудың сиялары
таңдайыма тамады – кермек өлең...
***
Кісі биік болады кешіріммен,
Кірер сәтте рахымның есігінен!
...Есімімді ешкімге айта көрме,
Атай көрме ешкімді есіміммен!
Құрметіңді мен содан біліп тұрам,
Ал қалғанын о, бәлкім, жыл ұқтырар...
Жылдар өтер, көнерген сүгіреттен,
«Кешірдім - деп - Мен Сені» күліп тұрам!
Ертеңіңде бармын мен, тірімін мен,
Жоғалсам да жалғаншыл бүгініңнен.
Таспаларға жазылған дауысымның
Есіміңді танырсың дірілінен!..
***
Жан көрмес азапты хәл аз ба, сірә,
Әркімнің жетер мұңы өз басына.
Жүректің түбіне кеп тунады екен,
Ауыр сөз, аяулы мұң, көз жасы да!
Көтерер жүрек бәрін, көтереді,
Езілер, емексиді, еті өледі.
Жүрекке жеңіл нәрсе бата алмайды,
Батқанын қайта алмасаң нетер еді?!
Бәрінің бұл өмірде бар себебі,
Бұл өмір бір себепсіз нәрсе ме еді?!
...Өлмейді дертті жүрек қанжар сұқса,
Суырып сол қанжарды алса – өледі!
***
Сағындым Күнімді – кішкентай Күнімді,
Айымды – аяулы Гүлімді,
Ең жарық Жұлдызды,
Өмірді сүруді,
Өмірді білуді,
Өмірді сүюді үйреткен үш әлем!
Өзімді өзіме билеткен үш әлем!
Сендерге, сендерге ұшар ем,
Сендерді, сендерді құшар ем,
Көз жасы теңізін кеше алмадым,
Табалау тауларын аса алмадым,
Өзгенің жұмбағын шеше алмадым,
Өзгенің жауабын тоса алмадым,
Тас қорғандарды тесе алмадым,
Қара құлыптарды да аша алмадым,
Үш әлем, киелі үштаған – үш ғалам,
Беріңдер, беріңдер, беріңдер күш маған!!!
* * *
Өзіңде - Өзің,
Өзімде де - Өзің,
Өз, өз, өз...
Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес.
Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің,
Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес.
Өзімшіл ұлдың бірі мен едім, мен едім,
Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім!
Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің,
салдарын емес, құрметтеуші едім себебін.
Еркіңді,
ойды,
таңдауды,
арды,
төзімді –
тәуелсіз еттім,
боданың еттім сезімді.
...Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп,
Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?!
* * *
Бәрі де бір махаббат үшін десең,
Көрейін өңімде – аман, түсімде – есен.
О, неге, неге бірақ қала бердік,
Есіктің сыртында мен, ішінде сен?
Кісі ме, хош көңілге кішірмеген,
Қош келдім, кісілігің үшін де мен.
О, неге, бірақ тағы қала бердік,
Есіктің сыртында сен, ішінде мен?
Дүние-ай, жан есігін құлыптаған,
Жарытпас шығып та адам, кіріп те адам,
Есіктен мен кіргенде, сен шығасың,
Сен кірсең, мен неліктен шығып қалам?!
* * *
Жан көрдің бе мұңаймаған,
Мұңаймас тек бір Еге!
Жылау үшін жылай ма адам,
Күлу үшін күле ме?
Күн күн үшін күлмейді екен,
Гүл гүл үшін жайқалмас,
Соны ғашық білмей ме екен,
Білер, бәлкім айта алмас.
Өмір өмір үшін бе еді,
Өлең өлең үшін бе?
Бұл дүниенің ішіндегі
Бары – менің ішімде!
Жоғы – сенің жүрегіңде,
Жоққа тағы жан құмар:
Ғасырлардың түнегінде,
Ғашық мұңы қаңғырар.
Жоққа оңай жетем деуші ем,
Барға қалай жетермін?
...Мен – мен үшін екем деуші ем,
Жоқ, сен үшін екенмін!
* * *
Әр даланың өзiне гүлi лайық,
Әр жүректiң өзiне мұңы лайық!
Қырға шығып, қырыққа келмесек те,
Қыртқа, мiне, айналдық қыңырайып.
Бассыз тағдыр баста ойнап, баласынбай,
басқан жерiм –
Авгейдiң қорасындай,
сана мынау –
сынақтар алаңындай,
жүрек мынау –
жарылыс даласындай.
Жас жүректi қайткенiң жауықтырып,
Жүрсе бiр жөн салдықпен, сауық құрып,
Есiмiңдi бiр күнi ұмытармын,
есiгiңдi қаттырақ жауып тұрып.
Күндiз жарлы өлеңге, түнде баймын,
Күнге шаттық аманат, түнге қайғым.
Өз жүрегiм өз мұңын көтередi-ау,
Өз даласын таппаған гүлді аяймын!
* * *
Қазағы секiлдi қартайған ғасырдың,
мен өмiр сүремiн –
тiлде!
Жалаңаш әлемнен жанымды жасырдым,
жанымды жасырдым
гүлге.
Құрбаны болар ем кешегi асылдың,
асылдан қалса бiр нұсқа!
Кiрлеген дүниеден арымды жасырдым,
арымды жасырдым
құсқа.
Бағасы қалмаса бiр күнi басымның,
мен өлсем, өлемiн –
тiлде!
Қатыгез жандардан жүректi жасырдым,
жүректi жасырдым
Кiмге?!.
***
Қайырылмау менен қайтудың заңы,
Ақынға бiрдей жүрмейдi! ..
О, менi жалғыз дейтiннiң бәрi,
жалғыздық жайлы бiлмейдi.
Жалғыздықта емес жалғыздық деген,
жалқы күндерден мұң есу де емес,
Таңдарда жалғыз ояну менен,
тағдырмен жалғыз күресу де емес,
Жылауға сол сәт шақ қалу да емес,
жымию да емес төзiммен,
Сапарға жалғыз аттану да емес,
ақталу да емес өзiңнен,
жалғыздық басқа...
Сен мені түсін,
Кінә да тақпай тағдырға,
О, менi жалғыз қалдырмау үшiн,
Өзгені жалғыз қалдырма!
***
Пiр Бекеттiң басында киiк өрген,
Өрген киiк Тәңiрдiң сыйы берген!
Аңыз дала-ай, баласын сүйiп туған,
Абыз баба-ай, даласын сүйiп өлген!
Пiр Бекеттiң басында арқар ойнар,
Арқар шыққан биiкке тартады ойлар:
мына дала теңiздiң түбi болған,
ұйықтап кетсем, түсiмде шалқар ойнар!
Дүр Пiр Бекет,
Пiр Бекет – Пiрдiң соңы,
Пiр Бекеттiң басында бiлдiм соны!
Мен қуанған баладай күннiң басы,
мен мұңайған болғай ма күннiң соңы!
***
Күрсінумен көп күндердің өткені,
Сол күндердің өтеуі не өкпелі?
Жауа алмаған мына тамыз аспаны,
Саған да ұқсап, маған да ұқсап кеткені!
Өлең сүріп, өмір жазып... алданам,
Арманына алданбайтын бар ма адам?
Жанарымыз жасқа тұнып тұрса да,
қоштасарда жалғыз тамшы тамбаған.
Жылатпауға қасам ішкем, сөз беріп,
Сол бір сөзім кетпеп еді өзгеріп,
Жылатуға болмайтынын сезсек те,
Жұбатуға болатынын сезбедік!
Содан бері өтті, өшті шақ талай,
өткендердің аяулысы-ай, аппағы-ай!
Өзге жанға күле алмай жүрмісің,
Мына күннің жауа алмауы батқаны-ай!
***
Көрдің бе жас ақынның жылағанын,
Қорғай алмай қалған-ау сірә, жанын.
Енді ғана білді ме ол бұл өмірде,
Күнә барын!?.
Көрдім мен жас ақынның жек көргенін,
Алапат күш алқымға кептелгенін.
Жек көргенін гүлді де,
құсты,
күнді,
Күзді,
жазды,
қысты да,
көктем демін!
Көрдім мен мұңға толған мойыл көзін,
Сол көзде: долы ойлар, дойыр сезім...
Дүниені тәрк етер данышпандық,
Һәм жарқа етер ғарышта шайыр сөзін.
Көрдім мен,
О, кімдерді ол салады еске,
Дүние дәл өзіндей бала емес пе?!
Абыл боп сүйген бұрын бұл дүниеге,
Қабыл боп түнереді қара кеште!
Жоқ!
Дүние нұрлы екен, желекті екен,
Сұлуларға сұлу жыр керек, көкем!
Бір сұлудың сүймеуі, айтшы маған,
Сұлулықты сүймеуге себеп пе екен?!
Сүй бәрін,
Сүйер маусым жеткен кезде,
Бұл бақта гүлдер бөгде, көктем де өзге,
Сұлулық сұлулық деп аталады,
Ақынның жүрегінен өткен кезде!
Жазылар өмір жыры үтірменен,
Ешқашан тиісті емес бітуге өлең!
Ең қатыгез ұстазы жас ақынның –
Жүрегі жас сұлудың лүпілдеген!
***
Көкшетау – текшелі тас, тепсең қырлар,
Көркемін сүйсең – ән сап, өпсең – жырлар.
Аңқылдап ақ қайыңға ақтарылсаң,
«Көкешім, күттім сені» деп сыбдырлар.
Шоқ қайың, топ қарағай, шоғыр қайың,
Сен алдың көңіл кірін, көздің майын.
Сезімді біз жырламай, кім жырласын,
Бәрібір ұға алмаймыз өмір жайын.
Көрінер таудан арқар түс ауғанда,
Қаңқылдап Қобда жақтан құс ауғанда.
Махаббат – ол да еркіндік,
Еркіндіктен
Туады тәуелділік тұсалғанда!
Құл да өзге махаббатта, құрбан да өзге,
Жар етер бөтен дүние жұмған көзде.
Жанардан жас еріксіз ыршиды екен,
Бетпе-бет сұлулықпен тұрған кезде.
Мезгілдер көшіп жатар шақтан-шаққа,
Аяулы-ау қайбір шаққа тап болсақ та.
Жүзімді жас шылаған өпті сұлу,
Жұмбақтас жүзіп бара жатқан шақта!..
* * *
Өмір – Өмір! Басқа атауы бар ма оның?!
Таңда өзің ауыры мен жеңілін.
Өмір – сенің үмітің мен арманың,
Қуанышың, қайғы-мұңың, сенімің.
Маңызды емес қашан, қайдан басталды,
Соңын іздеп, не етесің, дос, не үшін деп!..
...Сағындырып тұру керек достарды,
Сағынышын басу үшін «досым!» деп.
Қойшы, қалқам, пәлсапаны, түйгенді,
Бір анық қой түбіне оның жетпесің.
...Өкпелетіп қою керек сүйгенді,
«Жарығым!» деп жазу үшін өкпесін.
Осы ғана! Жеңісің ғой – әр күнің,
Болады оның жемісін де жиюға.
...Ауырлаптау өзгелердің тағдырын,
Айтшы, күнім, бізге сонша қиын ба?
***
Жаздан қалған жақындар, бауыршылар,
Жазған күнде жан бар ма хәлің сұрар?!
...Көтере алмай кеудесі күздің дертін,
жапырақтар аспанды ауырсынар!..
Жылап қоя берердей қараса күн,
қар астында шуаққа таласады.
Суығын-ай бауыры қара жердің,
аспанының ауыры-ай қарашаның.
Жаз келеді – дейді ол – жан шуағын,
алам күннің, ақ қардан аршыламын.
...Қар үстінде сүйісіп тұрған ғашық,
жапырақты білмейді-ау жаншығанын...
***
Ақ қар,
саған назымдай бұл бір өлең,
мұңайғанын білдің бе құрбы неден?!
Мен жүрек ем ол үшін – жастық гүлі,
сен көбелек едің ғой үлбіреген.
Анау таудың етегі мекені еді,
сол мекенге бармасақ нетер еді!
Жапалақтап сен жауып, мен жыр оқып...
жарығым-ай енді кеп жөтеледі.
Ғасыр кешіп жүргенде біз ғадетпен:
аяз – жаздың самалы, мұз да көктем!
Мен өлеңмен ауыртып, сен суықпен,
екеуміздің әліміз қызға жеткен!
***
Аяулы неткен аңсарлы шағы,
Қарашы қарға, қарашы әппағын!
Қанша биіктен кұласа дағы,
Қалықтап қана қонып жатқанын.
О, бәлкім ол да қанатын әппақ,
Кір шалмауы үшін ете ме солай,
Арын да, жанын тап-таза сақтап,
Ұрыса алмауы үшін ете ме солай,
Ешкім де оған?
О, таза шақтар,
Кірледің деме!
Кірледің деме!
...Кірпікке жеңіл қонатын ақ қар,
Тым ауыр болып тамады неге?!
***
Саған, күнім, бұл түні жазсам екен қандай жыр,
Көңілімде бір шырақ көптен бері жанбай жүр.
Жаздан қалған ақ бұлттар жетім құлын секілді,
Желтоқсанның аспанын бауырсына алмай жүр.
Алты ай қысы арқаның – бір өмір де, бір өлім,
Кісінейді бейуақ жетім құлын – жүрегім.
Жаздан қалған ақ бұлтты бауырыма басып ап,
Қар адамы секілді қала ішінде жүремін.
Қара аспанның түбінде қалтыраса ай ғаріп,
Қарашығым дірілдер қайдағыны ойға алып.
Бұл қалада таулар жоқ, тау секілді бұлттар бар,
Кейде кеткім келеді сол бұлттарға айналып.
Аппақ жалды бұлт болсам аспан жақта
жол салам,
Сол жолдарда бір күні көктемемді қарсы алам!
Тістелеймін шылымды тұтата алмай...
бұл түні
Айтшы, Күнім, қандай жыр жазсам екен
мен саған?!
***
Күнім де алыс, жұлдызым алыс, ай да алыс,
алысты бүгін армандауды да койғамыз.
Бақытты қайда, махаббат қайда деп жүрген,
Сен қайда жүрсің,
Мен қайда жүрмін,
Қайдамыз?
Көмілген қарда көңілден жарға шұбайды із,
Өзіміз жоқта өзгені қалай сұраймыз?!
Қалың қар басқан қалада мынау қалтырап,
боранды түнде бөрідей ұлып жылайды іш...
О, енді мәнсіз, кім қарау, кім бос, кім ізгі,
Ұқсата алмай өмірден ұққанымызды,
Бақыттың біздер мекенін іздеп шыққанда,
Сезбеппіз сол бір мекеннен шыққанымызды.
«Қуаныш егіз болғанда, бізде дерт – егіз,
Телқоңыр тағдыр термесін бірге шертеміз»,
Деуші едік сонда, ағысқа қарсы ұмтылып,
Есілде бүгін мұз қатып жатыр... ерке қыз!
Арман да аңыз, махаббат аңыз, ой да аңыз,
аңызға бүгін сенуді тағы койғамыз.
Бақытын тапқан жандарды көрем түсімде,
Сен қайда жүрсің,
Мен қайда жүрмін,
Қайдамыз?!.
***
Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.
Моншақ-моншақ жасыңнан
мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен
сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда
із қалды ма?
Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей...
...көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?
Сен тұратын қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?
Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..
Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар!
Қар!
Қар!..
***
Ұйықтап жатып, жылап шықтың түнімен,
Сен күліп ең, мен де содан күліп ем.
Неге, неге, бейсанаға ендің сен,
Неге, неге, бейуақта жүріп ең?
Тұзың ба әлде, өзің де әлде жеңіл ме ең?
Жүректі ая жаралмаған темірден.
Тәңір саған бермегенді, ботам-ау,
Неге іздедің, неге іздейсің өмірден?!
Жүрекке ауыр – көңіліңнің кемсеңі,
Жүрекке ауыр – сеніміңнің өлшемі,
Жүрекке ауыр – жалғыздықтың көз жасы,
Қалай ғана қорғай алам мен сені?
***
Сезім серіден болғанда, ойым өрден,
Құсалы өткен күндердің қайыры елден.
Бұлтты күні не амал боздағаннан,
Көп адамға не абзал кейігеннен?!
Өзегімнен шымырлап шықты мұңым,
Айтшы соны қай кісі ұқты, күнім?
Саған мәлім, қалқатай, мен мұңайсам,
Айға ұлыған арманға күптілігім.
Сыртқы барды түгендеп, ішкі жоғын,
Тәңір жақты тұспалдап түсті жолым.
...Жүрегімнің басында қып-қызыл шоқ,
Аузымды ашсам ұрады ыстығы оның.
* * *
Мені көп сақтайды іштегі бір ұстам,
Өзгермес кенеттен, құбылмас оқыстан:
Солтүстік батыстан,
Оңтүстік шығыстан,
Солтүстік шығыстан,
Оңтүстік батыстан,
Жел соқты, жел соқты, қай тұстан, білмеймін,
Түстік пе, терістік?
Соғады-соқпайды,
Айтпаймын, ашпаймын, жыламан, күлмеймін,
Іштегі бір ұстам мені көп сақтайды.
Тауларым, көлдерім, орманым, жолдарым,
Желменен жіберді өңдерін-түстерін,
Жел соқты, жел соқты, жеткізді ол бәрін,
Мені көп сақтайды бір ұстам іштегі.
Жел соқты, жел соқты, сергітті соққан жел,
Ауырлау-жеңілдеу, азырақ-көбірек,
Сен келсең, сен келсең жел соқпас
жақтан кел,
Іштегі бір ұстам сақтайды мені көп...
* * *
Қызбойжеткен дегенде, қызбойжеткен,
Көктем көктем емес қой, қыз ғой көктем!
Күні бойы көз алмай көкжиектен,
Түні бойы телміріп түзге әйнектен,
Кімді ғана күтеді, сездің бе осы,
Бұл жүректер дерттенер кездің басы?
Қыз баланы мұңайтар белгісіздік,
Қыз баланы есейтер көздің жасы.
Бізге де ауыр тигені-ай сыр кеселі,
Сыр кеселін, сүймесем білмес едім.
...Біздің бақта гүлдеген алмалардай,
Күндіз емес, қыз бала түнде өседі.
Қыздың сырын бір ашса, түн ашады,
Жанарында мөлдіреп бұла шағы,
Түнде ашылар қызғалдақ секілденіп
Түні бойы сезімдер бүр ашады!..
* * *
Сен мені алдайсың неге осы?
Құрғыр іш әлдене сезіп жүр...
Көктемсіз кезеңнің Елесі,
Әлемді кезіп жүр!
Түнерген ойлардың аспаны,
Тұманды жүректің таулары,
Алда сен, мені емес, басқаны,
Онсыз да өлеңім жаурады.
Алдама үміттің ұлдарын,
Іңкәрлік үшін мен егесем!
Көктемсіз кезеңнің құрбаны
Көктемді келмейді деме сен!
Гүлдердің дәуірі өтпейді,
Мәңгі мұз?
Ол суық ой ғана!
Мына қар...
ештеңе етпейді,
қоштаса алмай жүр жай ғана.
Күтемін, күтуге бекіндім,
Келеді жастықтың Өлеңі!
Көктем де махаббат секілді,
сенетіндерге келеді!
* * *
Түсімде көктемді көрдім,
Түс емес, өңім бе деймін!
Гүлденген бөктерді көрдім,
Бөктерім керім бе деймін.
Құстардың келгенін көрдім,
Құс емес, көңіл ме деймін,
Сұлу гүл тергенін көрдім,
Гүл емес, өмір ме деймін.
Нөсердің жауғанын көрдім,
Жауғаны – нұрым ба деймін,
Бұлттардың ауғанын көрдім,
Аунаған құлын ба деймін.
Әлдекім тосқанын көрдім,
Әлдекім өзің бе деймін,
Көктемнің аспанын көрдім,
Ол сенің көзің бе деймін.
Алқызыл шәлі жауып қыр,
Әлдекім жол қарап тұр.
Оянсам... қар жауып тұр...
Қар... борап тұр!
* * *
Шираздан өтті ме екен,
Таразға жетті ме екен,
Көктемім қайда менің,
адасып кетті ме екен?
Хатымды алар ма екен,
хабарын салар ма екен,
Оңтүстік аспанының
астында қалар ма екен?
Көп болды аh ұрғалы,
көп болды шақырғалы,
жібермей жатыр ма әлде,
Алматы ақындары?
Келгені байқала ма,
қу көңіл шайқала ма,
Жыр оқып отыр ма олар,
Көктемге мәйханада?!
Көктемді қайтарыңдар,
Көктемге айтарым бар!
Әйтпесе, жылай салам,
жақсы ма мұңайса Адам?!
* * *
Бойымның дір еткені несі,
Жүректің шым еткені несі?
Арқамнан қанат өсіп шығатындай,
Ұшқалы тұратындай,
Қолымнан бұтақ өсіп шығатындай,
Құшқалы тұратындай,
Көзімнен теңіз тұнып шығатындай,
Шайқалып тұратындай,
Басымнан гүлдер өсіп шығатындай,
Жайқалып тұратындай,
Аяқтан тамыр өсіп шығатындай,
байланып тұратындай,
Кеудемнен ғалам жарып шығатындай,
айналып тұратындай,
Сөздерім құс боп ұшып кететіндей,
аспанға жететіндей,
Өмірім түс боп ұшып кететіндей,
оянбай өтетіндей.
Жын шалып кеткен шығар?
Білмеймін,
Көктем шығар...
* * *
Мәртебелі көктемім,
Мәртебелі көктемім,
Айтар сырым көп менің,
Шағар мұңым көп менің.
Ей, жүректің шырағы,
Ей, жүректің шырағы,
Сізді құстар сұрады,
Сізді гүлдер сұрады.
Сізді құрбым сұрады,
Сізді досым сұрады,
Ей, ойымның тұмары,
Ей, ойымның тұмары.
Осыншалық келместей,
Осыншалық көрместей,
Мен не қылдым сенбестей,
Мен не қылдым сенбестей?
Сүйгені үшін күнәлі,
Күйгені үшін кінәлі,
Сағынғаннан жазықты,
Жазған жүрек жылады...
* * *
Бұл көктем қай көктем секілді,
О, біздің мұңдылау ғасырда?
Бұл көктем – бойжеткен секілді,
Бойжеткен он екі жасында,
Есейткен қажыған тағдыры,
Қартайтқан жүрегін жылдары,
Күлгенін көрмеген таң нұры,
Гүлдерді термеген қырдағы.
Жылауға батылы бармаған,
Айтуға қасқа да, досқа да,
Ешкімнен сыйлық та алмаған,
сыйлық та бермеген басқаға.
Дауысы жұтылған ішінде,
Жаңғырық тұтылған көңілде,
Гүл теріп жүретін түсінде,
Күл төгіп жүретін өңінде.
О, бізге аз ба еді бар қайғың,
Шаттығың көп пе еді?
...Мен сені қалайша қорғаймын,
Екі мың он екі көктемі?!
* * *
Мынау келген көктем бе көркем мінез,
өрімтал шақ, өлеңді, өртеңді кез?
Көктем бе еді кеудемді шымарлатқан,
сезімдерді оятып тынып жатқан,
Құстың тілін көңілде күбірлеткен,
гүлдің тілін жүректе сыбырлатқан,
Ақындарға аңқылдақ күй кештірген,
Сұлуларға жарқылдақ күй кештірген,
жанды түгіл жансызды тебірентіп,
адам түгіл, жұлдызды үйлестірген?!
Көктем екен!
Бұл келген көктем екен,
Көп күттірген ғашығым жеткен екен!
Былтырғыдан еркелеу секілді ме,
Былтырғыдан, о, құдай, өктем екен!
Күйге бөлеп бір ғажап көк пен жерді,
Гүлге бөлеп қыратты, бөктерлерді,
Бәйтеректің басында сәуле ойнатып,
Астанаға, еһе-һей, көктем келді!
Өткен қысты ұмыттым, өткен жайды,
Түс көрмейді енді ешкім көктем жайлы,
Ешкім тыйым салмайды сүюге енді,
Сенуге де енді ешкім шек коймайды!
* * *
Осы бізде сезім көп пе өміршең?
«Сені сонша жек көремін!» дедің сен...
Бірақ неге сен қуандың мен жеңсем,
сен жыладың жеңілсем?
Айтпа, айтпа, сезер ішім ар жағын,
мен сезбеген айтшы, кұрбым, бар ма мұң?
Мені солай жек көруің арқылы,
жақсы көре алмауыңнан қорғадың.
Бір сезім бар бізді жылатпай тұрған,
дәл көктемдей... әлі бүр атпай тұрған.
Қорықпаймын – айтып ұнатпағаннан,
Үрейленем – іштей ұнатпайтыннан.
Шыда, шыда көркем көктем келгенше,
бұл көктемді күте алды ма ел менше?
Мені солай таза, адал жек көрші,
кісімшілдеу, кіршіл жақсы көргенше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу