Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  125


Автор: Ерлан Жүніс

Бозбалалық романс

Бозбала күні сүйгені,
Жадынан ердің кетсін бе,
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!
Нәби де нәркес, жан нұрлы,
О, қайдан теңеу таппақпыз?!
Қызыл гүл – қыз тағдырлы,
Гүл тағдырлы аппақ қыз!
Сарғалдақ гүлді сүйгенсің,
Көктемі ме еді ол ойыңның,
Алқызыл көйлек кигенсің,
Жеткені ме еді ол бойыңның.
Сыйладым ақ гүл – достық па,
Алқызыл көйлек – қызғаныш?
Тағдырды ойша қостық па,
Аштық па жаңа біз ғарыш?
Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба,
Сезімге сұлу арбалып,
Сүйіскен жоқпыз аязда,
Нөсерде жазғы қалмадық.
Есейе бердік ашылмай,
Есейген сайын жабыла.
Сары, қызыл қосындысындай,
Бір бояу сіңді жаныңа.
Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті сені де,
Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті мені де.
Уақыт бәрін биледі,
Бәріне уақыт жетсін бе?
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!
* * *
Тулайды жүрек, туғанда айдың жаңасы,
Аулада біздің гүлдеді алма ағашы.
Бойжеткен қыздар бүр жарып сезім әлдебір,
Үңіліп соған, үздігулерін қарашы.
Осындай ағаш бар еді Тараз бағында,
Барушы ем соған сонау бір балғын шағымда.
Сол сезім бүгін, сол бір мұң... әнтек, әдемі,
Айырмашылығы – ұлым тұр бүгін жанымда.
Гүлденген шақта Таразы бақта: жоқпыз-бар,
Күз келген сосын, өткен-ді жылдар,
өтті ызғар.
Сол көктемнен соң жыр жазып кеттік көбіміз,
Сол көктемнен соң... үйленіп кеткен
көп қыздар.
* * *
Мінездің асылдығы түптен болар,
Жібектің мықтылығы жіптен болар.
Астына балконының келуімді,
қалқатай қара кештен күткен болар.
Көңілдің дерттенуі сөзден болар,
Темірдің тоттануы жезден болар.
Астына балконының келерімді,
қалқатай ұйқылы-ояу сезген болар.
Өлеңнің қонғандығы пірден болар,
Пір түссе, пері жүрек дүрден болар.
Астына балконының келгенімді,
Қалқатай қарамай-ақ білген болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу