Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  267


Автор: Ерлан Жүніс

Ынтық

Бал да бардай, у да бардай,
Өзегіңе жалғанам.
Он төртінде туған айдай,
Ерініңе арбалам.
Ай көргенде аман көріп,
Баяғыдай күн көрем.
Жан ләззатын саған беріп
Омырауыңда гүлденем.
Жарылқа деп таңда сүйем,
Есірке деп түн сүйем.
Сүйгендеймін алғаш, ием,
Ақырғыдай сүйші, ием!
Ғашық жаны – ерінінде,
Тіршілігі – өбуде.
Көктем бүрлеп көңілімде,
Сай-сүйегім еруде.
Сөз тұтанып, ой балқыды,
Жұтты бәрін ғажап түн.
Сезімімде Ай қалқыды
Қанатындай ләззаттың.
Көңілімді қытықтады,
Түннің тілі күбірмен.
Таң жұлдызы құттықтады,
Аман қалғандығыммен.
* * *
Жалғыз райхан...
Ол да қурап қалғалы,
Өткенімді алмаушы едім есіме.
Сенің мұңлы жанарыңдай сондағы,
Бүгін аспан жылады екен несіне?
Кетем деп ең,
Қал дегенім жоқ тағы,
Менсіз саған жеңіл болар тәрізді.
Ессіз нөсер сонау жүрек жақтағы,
Жаңғыртам деп шайып кетті бар ізді.
Қураған гүл,
Сонғы демі сезілді,
Сол бір демнен әлсіз әуен естілді:
Аяр болсаң өзіңді,
Аямайсың ешкімді!
Сөніп барып, лап ететін өрттей боп,
Суып барып, қайта өзімді жылыттым.
Айығарда бір соғатын дерттей боп,
Ақырғы рет аңсадым да...
Ұмыттым.
* * *
Хұсни іңір таранар қоздантып сезім бүртігін,
Кермиық күннің күлтелі дірілдесе кірпігі.
Қара түнек қыранның қанатындай көрінсе,
Жәудірейді дүние жанарындай түлкінің.
Бұлықсиды тіршілік бүрілерде шарасыз,
Иманды айдың жүзінде құмарлық
тұр тобасыз...
Жасаураған жанардан жас боп
тамып ояндым,
Беу, дүние, жұмылып, қайда батып барасыз?!
* * *
Сен әлі тым жассың...
Сезіміңнің дір-дір етіп кірпігі,
Ерініңнің бүр жармаған лаласы,
Сәл шыдашы... кейін... кештеу... бір күні
Махаббатттың тәкәппарлау баласы
Көз салады ғайыптан кеп, гүлім-ау,
Құтқарады қасиетсіз өлуден.
Сүю жайлы ойлау деген – жылылау,
Тіпті ыстық, сүю болса тоңу мен
тітіркену, қалтыраудан тұрады,
Солса гүл де сүйгені үшін семеді.
Бірақ кейде аңсаулардың шырағы,
Әнтек қаққан кірпіктен де сөнеді.
Сен әлі тым жассың...
Алуан гүлге құмар болма, сұранам!
Жауқазыны, бар тағы да жалбызы.
Қарамастан өтіп кетер бір адам –
Махаббаттың өркөкірек жалғызы.


* * *
Тыңдашы сәл, нәркес ғұмыр-нәзігім,
Сүю жайлы тағы да айтқым келеді:
Көбелектер күз келгенде,
Жазының
Сезіміне беріктіктен өледі!
Ал, көктемде тіріледі қайтадан,
Қысқы кешке сипатпастан қанатын.
Содан оны махаббат деп айта алам,
Пайғамбарлық жүректерде болатын.
Қара аспанның қар жауса да көзінен,
Тау ерніне мұз қатса да көкпеңбек,
Қар астынан күбірлеуін сезінем,
Шалажансар жапырақтың «көктем»деп.
Мен де содан, нәркес ғұмыр-нәзігім,
Көктемені күтуменен келемін.
Сенің болса, сенің барлық жазығың –
Жапырақтың тілін түсінбегенің.
* * *
Ермегі ме – дейтұғын – есі өлең бе?
Жалғыз сауал қойылса пешенемде,
Ту сыртыңнан өзіңді көрсетер ем,
Кездеспей-ақ кеттің-ау көшеден де.
Барлығына дер едім сен кінәлі,
Жүрегіңе байланған жан құмары.
Хан сәлемін алмайтын көңілді
өлең
Қиығына көзіңнің зар қылады.
Сен кінәлі бәріне, жазалысың,
Мақпал түнде ұрланған мазам үшін,
Өзегімнен дірдектеп аңсар жасы,
Сол тамшыдан жаралған ғазал үшін.
Еріні – Ай, көзі – Күн Меңді Ғалам,
Қайтсем сені кеудеме қондыра алам?!
Сен өлгенде – әлемнің өлетінін,
Көрсетер ем,
Жолықпа енді маған!
* * *
Келбетіңнің болмас деп жерде өлшемі,
Ерек көрдім мен неге елден сені.
Жүрек берген кеудеге сүю үшін,
Сүйе білмес адамға бермеуші еді.
Жаралған деп ойлаушы ем сені маған,
Сезім адал, біздегі сенім адал.
Сүйе алмаған жүректің өзіне обал,
Қатыгез боп кетпейді өмір одан!
Күлгенің де – мендегі қуанышқа,
Әлде ол да жалғандау жұбаныс па?!
Кірпігіңмен жазасың неге, гүлім:
«Енді мені көргенде құрақ ұшпа!»
Бірге көрмек өмірді, бірге сүрмек,
Мерт болғандай ең соңғы тілдесуде.
Адам көзін жұмғанмен қайта ашуға,
Ешкім қолын жумайды кірлесін деп!
* * *
Өмірді ұғар секілденіп, ой кешіп,
Жүргенің де әурешілік кейде осы.
Біреу маған ақымақсың деп кетті,
Сезімдермен отыр едім сөйлесіп...
Өмір деген театр ғой көне тым,
Әртістердің екі түрі енетін:
Ақымақтар, және деймін басқалар,
Ақымақ боп көрінгісі келетін.
Деп күлемін
Езуімен әзілдің,
(Өзі-өзіммен әзілдескен мәз ұлмын)
Мен де кеше ақымақты іздеп ем,
Мұңның қара тізіміне жазылдым.
Талай сенім табан асты тапталды,
Талай үміт дар алдында ақталды.
... «Кемеңгерім!» деп ем сонда біреуге,
Ол да маған «Данышпаным!» деп қалды!
* * *
Жалқы туған бәйшешекті аядым,
Жер жүрегін жібітеді қалай деп.
Күн ернімен сүйіп-сүйіп қоямын,
Самал болып сипаладым талай кеп.
Неге ерте туылғанын сұраймын,
Көктем болса ән салып жүр елесте.
Ал бәйшешек өкінбейтін сыңайлы:
«Оятатын біреу керек емес пе?!».
Ертесіне үсік жүрді, ол семді,
Семді, бірақ сол бір ақсақ пішінмен.
Оянар деп мыңы
бірі өлсе енді,
Мен шыңғырып бара жаттым ішімнен.
* * *
Көрік берсе, көздерге ұнау үшін дер ме екен,
Ерік берсе, өзіңді сынау үшін дер ме екен,
Серік берсе, бір бүтін құрау үшін дер ме екен,
Бәрі бүтін әлемде, ал бүтінің нөлге тең,
Дер ме екем.
Сенім берсе, сенімнен шығамысың дер ме екен,
Төзім берсе, ол дағы шыдау үшін дер ме екен,
Сезім берсе, сезімді ұғамысың дер ме екен,
Ең жақынмын – ұға алсаң, ұға алмасаң –
ең бөтен,
Дер ме екем.
Самғау берер қанатқа құлау үшін дер ме екен,
Жас та берер жанарға жылау үшін дер ме екен,
Жыр да берер жаныңды сылау үшін
дер ме екен,
Өзім жатқан бесікті өз қолыммен тербетем,
Дер ме екем...
* * *
Жазылмаған өлең – сүйілмеген ерін,
Сүйілмеген ерін – жазылмаған жырсың!
Екеуі де керім,
Екеуі де тылсым!
Жазылмаған өлең – оралмаған құстар,
Оралмаған құстар жылы жаққа кеткен.
Бізден жырақ тұста,
Әрқашан да көктем!
Жазылмаған өлең – оқылмаған дұға,
Оқылмаған дұға қалшылында жанның.
Оқылатын шығар,
Алдында бір таңның.
Дүр, оқылған шақта Құран менен Өлең,
Тұр, басыңды көтер, жүр, жақында маған,
Ей, сүйікті Әлем,
Ей, сүйкімді Адам!
* * *
Жек көрдік. Сүйдік. Жалықтық тағы.
Сезімді сонша тез кештік.
Жолықпау үшін жолықтық дағы,
Кездеспеу үшін кездестік.
Ақ бұлтым едің өтпелі менің,
Болмадым, бәлкім, биік шың.
Жек көрмеу үшін жек көріп едім,
Сен сүймеу үшін сүйіпсің!
Керексіз құлдай ешкімге бүгін,
Дерексіз жырлар жазамын.
Өстім бе, әлде өштім бе, күнім,
Ол – менің ғана азабым.
Жолықшы. Енді жолықпаймын ғой.
Тыңдарсың сосын жат әнін.
Жалғыз қалудан қорықпаймын ғой,
Жалғыз қалғаның... батады.
* * *
«Мен жалғыз емеспін!» – деді,
Жылады, жылады сосын.
Мен сезе алмадым нені?
Сен айтшы, досым.
О, сол бір жалғыздық жолы,
Қай тұста бітеді екен?
...Кейіпкерсіз романның соңын,
Жаза алмай келемін, көкем.
«Мен жалғыз емеспін!» деді,
Жылады, жылады қатты.
Ыстық жас, ып-ыстық демі,
Кеудеме аяздай батты.
Қайғым да, мұңым да өзге,
Кетейін. Өтейін сертін:
Жалғыздық – сонау бір кезде,
Мен оған жұқтырған дертім...
«Мен жалғыз емеспін!» деді,
Жылады. Айықты дерттен.
...Түн кетіп барады мені,
Соңынан ерткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу