Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  217


Автор: Ерлан Жүніс

Сүю деген

Сүю деген – көкірегіңде жүрек барын түсіну,
Сүю деген – сезімталдық дертіменен ұшыну.
Сүю деген, сүю деген – тысың бал да, ішің у,
Бойжеткендік ұялу мен бозбалалык қысылу.
Сүю деген – қаперіңнен өзге үшін ұмтылу,
Сүю деген – нәрестелік көздеріңе мұң тұну.
Жұлдызды түн көзді жұмып, ерініңді тiстелеу,
Жігіттегі құмарлық пен арудағы ынтығу.
Сүю деген – күлгін таң мен күрең кештен
қызғану,
Бұл ғаламның мұңындағы бар обалдың
ызғары.
Ай сәулесі жылу беріп, күн нұрынан сыздану,
Тәңірін де сескентетін сезімдердің құздары.
Сүю деген осы десем, неге, гүлім, сенесің,
Сүю жайлы сұрамашы, ол немене демеші,
Мені сүйіп көрді ғой деп ойлайсың-ау
сен осы.
Күздің сағынышы, қыстың пәктігімен іздесең,
Көктемде жүрер бәлкім махаббаттың елесі.
***
Қара түннің түкпірінен шығып жатқан күбірге,
Ей, жүрегім, жын шалды ма, жығыласың,
жүгірме!
Мына әлемде Ләйлі жоқ қой сені
Мәжнүн қылатын,
Айша жоқ қой мерт болатын Сүмбіленің түбінде.
Нәркес үміт қарсы келген қарашықпен
қабысқақ,
Бірақ әлі ешкімге де кете алмадым табыстап.
Бүгін менің естен тана ғашық болғым келгені,
Тұл бойыма тұйықталған бар сезімді бағыштап.
Көзді көргем жүрегі үшін жауап бере алмаған,
Ерінді де сезімдердің бір бүртігі қалмаған.
Мына әлемде Ләйлі бар ма мені Мәжнүн
қылатын,
Бар ма, адам?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу