Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  186


Автор: Ерлан Жүніс

Күзгі көңіл

Қиқулап көкте құстардың өткенін қара,
Содан ба, менің мазамның кеткенін қара.
Мына күз – менің жанымның
көрмесі ме екен,
Көңіл күй ме ме екен әлде бір өтпелі ғана?!
Білмедім, білгім келмейді ештеңені де,
Өкпеледім бе, әлдекім қош дегені ме?
Әлдекім ерте шықты ма жұмысқа қарай,
Әлдекім бүгін үйіне кеш келеді ме?
Білмеймін, кезіп келемін қаланы бүгін,
Жаныммен сезіп келемін даланың жырын.
Дәл бүгін өмір сүруге болмаса, мейлі,
Дәл бүгін өлең жазуға болады, күнім!
Жыр жазсам – жүрек басқаша соғар ма екен?
Кешегі достар... ал бүгін олар да бөтен.
Тұтатып бердім шылымын бейтаныс жанның,
Мен үшін шырақ бір адам жағар ма екен?!
Жүр екен кербез күндерім қас керіп қайда?
Алқызыл асау сезімдер бас беріп пе ойға?
Әлде бір сұлу жатыр ма жас болып жүзі,
Әлде бір ақын отыр ма мас болып... айда?
* * *
Қыздар мені іздепті бақ ішінен,
Жүректердің беймаза қағысымен,
Сезімдердің беймезгіл ағысымен,
Қайтқан құстың сағынған дауысымен,
Қыздар мені іздепті бақ ішінен.
Қыздар мені іздепті қыраттардан,
Кездерімде бәрінен жырақ қалған,
Кездерімде жабығып жылап қалған,
Кездерімде жалыққан сұрақтардан,
Қыздар мені іздепті қыраттардан.
Қыздар мені іздепті таң сәрінен,
Баян менен Жібектің аңсарымен,
Шаруалардың кешкілік шаршауымен,
Жоқ іздеген кісінің сарсаңымен,
Қыздар мені іздепті таң сәрінен.
Қыздар мені іздепті биік таудан,
Биік таудан бір кезде сүйіп барған,
Биіктерге таласқан иықтардан,
Кездерімде айылымды жиып қалған,
Қыздар мені іздепті биік таудан.
Қыздар мені іздепті айдындардан,
Аққуы ұшып, артында қайғым қалған,
Күн күрсінген шақтарда, ай мұңданған,
Қыздар мені іздепті айдындардан.
Қыздар мені іздепті көк қаладан,
Аруының үмітін ақтамаған,
Ақынының жырларын жаттамаған,
Қыздар мені іздепті көк қаладан.
Таба алмапты ақынның бұл мекенін,
Біле алмапты жүрегі бірге екенін.
... Алма жинап жүр ме екем оларға арнап,
Соларға арнап гүл теріп жүр ме екенмін!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу