Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  141


Автор: Ерлан Жүніс

Сүмбіле, Су суыды

Тараз.
Күз.
Саябақ.
Жеңілген жүрек
пен
Желге ұшқан жапырақ.
...Әлдебір жас жігіт сұлуды аялап,
Аяулы тілекпен...
Тағы бір ақымақ
соларға қарайды қараша бұлтындай
түнеріп.
Ей, жүрек, қойсаңшы бұлқынбай,
Бүгін ол,
Бүгін ол – тірі өлік!
Бір жырдың артында –
қаншама сұлудың көзінің ып-ыстық жасы
бар,
Ол соның азабын тартуда,
Ол соны қайда енді жасырар?
Соқпақтар бақтағы
өмірдің жолына ұласар демеді,
Өзі-өзін ақтады,
Ақтады – өлеңі.
Ақымақ!
Тағы үнсіз келеді,
Енді оған кім сенер?!
Ол бүкіл өлеңі
бір тамшы жасты ақтай алмасын білсе егер...
2.
Қайтармыз біз де, қайырылмай
қаншалық шыдармыз,
Хаттар жазармыз, жырлармен аңсар
ұқтырармыз.
Жаз өтер бір күн, қу кетер сыңқыл
да сыңқыл,
Жылауық күзді жан-жақта қарсы алып
тұрармыз.
Терезелерден сол шақта тысқа да қарармыз,
Сағыныш мұңын саз еткен құсқа да қарармыз,
Бір бірімізге құшақ боп ашыла қалармыз,
Бір-бірімізге найза боп ұштала қалармыз.
Өткінші бәрі, қашанғы қараша сұрайды,
Күзгі аспан неге бізбенен таласа жылайды?!
Көзінің жасын қорғамай жерге құлатқан,
Аспан дегенің адамнан аласа сыңайлы.
Деуші едім бұрын, дегенім келгенін қарашы,
Сұрағанымды тәңірім бергенін қарашы,
Тағы да, қалқам, бір жұлдыз сөнгенін
қарашы,
Тағы да, қалқам, бір гүлдің семгенін қарашы.
Өзгеріп кеттің, өтелмес өші бардайсың,
Көзіңнен мені бұлайша көшіре алмайсың,
Біресе кел деп, біресе кет деп те қаласың,
Өзі де мұңлы жүректі несіне алдайсың?!
Кешіре алсаң, кешікпей кешіре алғайсың,
Кешірмесең көңілден өшіре алғайсың,
Сұрқай да күзде сұр жігіт суық қараса,
Есі бір кеткен Ерланды есіңе алғайсың!
3.
О, жалған, күзгі бақтың келбеті
неткен мұңлы,
Жоғалған арманым мен еске алдым
өткен күнді.
Сұрқай жел семдіріпті-ау сумақай сөз секілді,
Бір үміт бақыт үшін бұрындау еккен гүлді.
Артымнан қыңсылайды өткеннің құр сүлдері,
Қолымнан не келеді, бірақ ол білсін нені?!
Бақ астан-кестен еді, ұйыған меңіреуден,
Адасқан махаббаттың естілді күрсінгені.
Құлазып көшкен жұрттай көңілім қайда
қалды?
Аяныш сезімімен аймалап айналамды.
Бір сұлу суюші еді бұл бақта серуендеуді,
Бір жігіт ұнататын сол жайлы ойлағанды.
Солғын өң теректер де, қайыңның боз реңі,
Мүлгіген кәрі емен тұнжырап көз іледі.
Гүл меңді жапырақтан қиылған
жылай-жылай,
Үзілген үміттердің дірілі сезіледі.
Мылқау бақ тіл қатпады,
Беймәлім өкінгені,
Беймәлім сағынғаны, беймәлім бекінгені...
Шылаған солған шөпті шық қана дірілдейді,
Жылаған жүректердің көз жасы секілді еді.
Тұншығып,
Жапырақтың соңғы әнін тыңдадым да,
Тыншыдым...
Жыладым ба, білмеймін, жырладым ба?!
...Сұрланған айға қарап күзгі бақ күрсінді де,
тіршілік қалғып кетті,
көзімді жұмғанымда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу