Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  96


Автор: Ерлан Жүніс

Жол қарау

Сен қазір келесің ғой, өмір гүлім,
Құдайға сенгенімдей сенімдімін.
Асығып жеттім дейсің алыстардан,
Туылған күнің үшін сенің бүгін!
Сен қазір жетесің ғой, құралайым,
Құттықтап келіп бітті бұл ағайын.
Тек өзің із салмаған жүрі жолдың,
Түбіне бүк түсіпті жылап айым.
Әдемі көйлек кидім, сен келер деп,
Әдемі сөйлеп тұрмын, жөн көрер деп,
Көшеге дембіл-дембіл көз саламын,
Адасып бейуақта сенделер деп.
Жайлауда жұрттың дені, күздеуде мен,
Кімді енді жылытпақпын сыз кеудемен?
Ешкім де күтпеген бұл топ ішінен,
Отырмын бір жалқыны іздеуменен.
Көңілді көп үмітпен бүтіндеп ем,
Дәл бүгін қашты менің құтым неден?
Мен неге әрбір туған күнім сайын
Тұрамын сол бөтенді күтуменен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу