Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  109


Автор: Ерлан Жүніс

Муза

Әлде көктем, әлде күз, әлде, әлде... білмедім,
Әлдеқайда мен жалғыз, әлде адасып жүргенім.
Әлде алжасып жүргенім, әлденеге маспын ба,
Әлдекімге жете алмай, әлдекімнен қаштым ба?
Мен білмеймін, білмеймін, білгім де
оны келмейді,
Көз алдымда әлдене көлеңкесі көлбейді,
Көлеңкесі болған соң, күні барын сеземін,
Қырауланған үмітім жылынарын сеземін.
Әлденеге ауады арманымның аңсары,
Әлдекімді күтуден, бәлкім, ол да шаршады.
Әлде мені ұмытты, әлде мені алдады,
Әл береді үмітім, әуреледі қалғаны.
Әлдеқалай сезімім жүрегімді тербеді,
Әлде, әлде бәрі де еріккеннің ермегі?
Әлдебіреу шақырса еріп кетсем не етеді,
Әлдененің елесін көміп кетсем не етеді?
Әлдекімге күбірлеп «қош» дей бергім келгені,
Әлденеге көңілден көш дей бергім келгені.
Әлдеқашан адасқан күшіктері сананың,
Әлденен-ақ қысылап жүрек көзін жалады.
Әлдеқандай күн туса бәрі дағы өледі...
...Сол сұлудың мен үшін сыйдан артық сәлемі!
***
Көздерің неткен суық, неткен улы,
Сұлулық, солай ма едің?
Жүрегім осыншама жек көруді,
Көтерер қалай менің?!
Жылауға жас та жоқ-ау, жас шыласа,
Сеземін жылынарын.
Мен емес, шыдар, бәлкім, тас шыдаса,
Ызалы мұңыңа бұл.
Сан арман жерленді ме қарашыққа,
Үмітті таптатқанда,
Әлде сен ашындың ба адасып қап,
Жоғалған соқпақтарда?
Жастығың тез өтті ме жүрегіңде,
Оны кім тоқтатыпты?!.
Әлде сен өзге жанға тіледің бе,
Өзіңде жоқ бақытты?..
Көп қарап тұрдың ба әлде терезеден,
Күздегі терезеден...
...Мен өлең жаза алмадым ережемен,
Сен, бәлкім, сүйе алмадың ережемен...
***
Мені түнге кетіңдерші қалдырып,
Құшағына енейін.
Ай сұлудың аққу мойнын талдырып,
Танға шейін өбейін.
Жұлдыздарды балдыздардай көрейін,
Бал қылығын татайын.
Қалыңдықтың жұпар иісті мерейін,
Бұрқыратып жатайын.
Мамырлайын мамығына бұлттардың,
Тамашалап билерін.
Айдың мөлдір ризалығын ұрттармын,
Гүлге айналып сүйгенім.
Жел-жеңгемнің желігі бар затынан,
Сөз болармыз біз анық.
Ести сала қызғаныштың отынан,
Күн шығады қызарып.
Қоштаса алмай тұрар сонда мөлтеңдеп,
Жұлдыз бикеш сызылып.
Құтпан ауа күтем сені, еркем, деп,
Ай қалады үзіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу