Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  197


Автор: Ерлан Жүніс

Жолжазба

Мына ауыл қай ауыл, ақырғы ауыл,
Жолбелгінің қарашы оқылмауын.
Құс қанаты талғандай шалғай түздің,
Құс қанаты күйгендей лапылдауын!
Сары дала сыйдиған, еті қашқан,
Жарлы төбе, жесір қыр, жетім аспан,
Жатқан жері бабамның демесе жұрт,
Тұрмайтыны баланың екібастан!
Көлшігі бар аядай, бір-ақ ұрттам,
Бүк түсіпті сол тұсқа бұралып тау.
Маған қарап қария кемсеңдейді,
Қалаға кеткен ұлға шырамытты-ау...
2.
«Осы маңда ел жатқан» деді маған,
Деді маған ел жақтан коңыр адам.
Өзі өмірден ештеңе сұрамапты,
Сұрамапты ештеңе өмір одан.
Аласы да жоқ екен, бересі де,
Алданбапты дүниенің елесіне.
Қалатынын ұқпадым үнсіз неге,
Бір күрсініп алып ол терең ғана,
«Кеп тұр» дейді, білмеймін, келем бе, аға...
Сенде бары – осы ауыл жайлы естелік,
Менде бары – мұңдылау өлең ғана!
Аң қараймыз дей ме екен қырға шығып,
Калмағанын білем ғой құр да шілік.
...Осы құмнан жаралған қос қоңырым,
Бірте-бірте барады құмға сіңіп...
3.
Ойлап келем әрнені, ойлап келем,
Ауылыңа жетем деп қай жақпенен.
Түзге батып барады қара жолдар,
Күзге батып барады ай баппенен.
Ой, қара жол ұзайды шиырлана,
Ширатайын деді ме қиыр дала.
Бірде қыз боп билейді тыр жалаңаш,
Бірде құс боп айналар құйын ғана.
Ой, қара жол, қара жол, қалай барам,
Қара да жоқ жол бойы қарайлаған.
Боз далада бейуақ бөрі ұлыған,
Бөрі емшегін тартқылап бала ойнаған.
Қыр басынан құлдилап көш құлайды,
Көшкен жұрттың көзінен жас бұлайды.
Арасынан салт атты суыт шығып,
Қамшысымен құйынды осқылайды.
Қандай бала, құдай-ау, кайдағы адам,
Қос көрді ме бұл көзім айдаладан?
Қырға шығып қарасам... қалың қопа,
Жұрт түгілі, жын-пері жайламаған.
Жортпаған жон, дөңес жоқ торымаған,
Алыс болды-ау бұл жұрттың жолы маған.
...Балбал тасқа сүйеніп, қалғып кетіп,
Көзімді ашсам: көк қала, қалың адам...
* * *
Не істеу керек? Не істеу керек?
Кешу керек, кешпеу керек?
Бару керек, бармау керек,
Қалу керек, қалмау керек?
Сену керек, сенбеу керек,
Көну керек, көнбеу керек?
Кімді алдадым, кім алдады?
Ұға алмады, ұға алмадым!
Арғы жағын сахнаның,
Мекен етіп отырамын,
Сағынамын, аһ ұрамын,
Өкінемін, опынамын,
Бару – ауыр, қайту – азап,
Сүймеймін деп айту – азап!
Сахнаның сұрағаны –
Ақын емес, сайқымазақ!
Өртең жүрек, өлермен зар,
О, бұл зарды неге кештім?!
...Залда – жалғыз көрермен бар,
Оның өзі – сен емессің!
* * *
Өз халіме өзім қайран күйдемін,
Қайдан ғана тап келдім мен бұл күйге?!
Көңіл үшін емес еді сүйгенім,
Өмір үшін екендігін білмей ме?
О, бәрі де, о, бәрі де көшуде,
Ой – айдауда, сезім біткен – байлауда,
Жар тағдырын бір өкпемен шешуге,
Болмайтынын жүрекпенен ойнауға,
О, білмей ме?
О, қалайша сүйгемін,
Серт еткендей жалғыздыктың атынан!?
Өз халіме өзім қайран күйдемін,
Өзі-өзіме таң қалам да отырам...
* * *
Шыдар екем, шыдар екем қаншалық,
Сезімдердің бірі туып, бірі өліп,
Атқан таңды Абыл болып қарсы алып,
Қара кеште Қабыл болып түнеріп,
Төзер екем, төзер екем мен қанша,
Төзе ме әлде адам сорлы өлгенше?
Шығыс жақта бір жұлдызы жанғанша,
Батыс жақта бір жұлдызы сөнгенше.
***
Сананың өзгерген тұсы,
Сезімнің құбылған шағы:
Ғашықтың сезбейді іші,
Көңілі танымас тағы.
Ғашықтың көрмейді көзі,
Ғашықтың сөйлемес тілі:
Сезімнің құбылған кезі –
Сананың өзгерген түрі.
О, қайда дұғасы жардың,
Дуасы некелі судың,
Пірлері Қосылулардың,
Пірлері Ажырасудың?!
Сен айтшы, Махаббат Пірі,
О, неге, о, неге енді:
Алғашқы көктемнің гүлі,
Алтыншы көктемде семді?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу