Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  249


Автор: Ерлан Жүніс

Сонет

Жанарыңнан жалғандықты көрсем де,
Менің саған сенгім келе береді,
Менің соған көнгім келе береді,
Сен сыясың – сырғақтаумен келсең де,
Мендік осы ақымақтау өлшемге.
Сезім өлсе, тек сенбеуден өледі,
Сенімімнің ең бір адал өлеңі,
Саған сенем, сенем саған өлсем де!
Махаббатты келмеген соң жерлегім,
Сенің тәтті өтірігің мен үшін,
Талай шындықсымақтардан жоғары!
Дүниені ұстап тұрған келісім –
Алдауыңды біле тұра сенгенім –
Махаббаттың ақиқаты болады!
* * *
Сұқ көздер жұмулы тұрғанда,
Сұқ саусақ бүгулі тұрғанда,
Сырласып алыңдар, сүйгендер!
Сұқ тілдер күрмеліп тұрғанда,
Сүйген жан гүл беріп тұрғанда,
Сырласып алыңдар, сүйгендер!
Шынжырлар маужырап жатқанда,
Мылтықтар ұйқыға батқанда,
Сырласып алыңдар, сүйгендер!
Сынақтар сағаты соққанша,
Әлдекім есікті қаққанша,
Сырласып алыңдар, сүйгендер!
Жақының жат болып кеткенше,
Жаныңнан жоқ болып кеткенше,
Сырласып алыңдар, сүйгендер!
***
«Кімсің?» дейді ол;
Кім болушы ем, қарауылмын жай ғана:
өзін-өзі өзге үшін байлаған,
күзетемін сұлулығын әлемнің,
асқақтығын, нәзіктігін өлеңнің,
шыншылдығын күзетемін сөзімнің,
адалдығын, сергектігін сезімнің,
жалғыздардың қамқоршысыз жүрегін,
ғашықтардың ең бір ынтық тілегін,
күзетемін киелі түн жазбасын,
сұлуардың, сұлулардың көз жасын,
сәбилердің тыныштығын, шаттығын,
адамдардың көңілінің ақтығын,
ақ шыңдардың аласармас биігін,
аналардың маңдайлардан сүюін,
дүниеде үміт оты бар кезде,
сол бір үміт нұр шашқанша әр көзде,
мен күзетте тұрам «Үміт үшін!» деп,
сол күйімде қатып қалам мүсін боп!
* * *
Даладан, таудан асыға,
Гүл теріп саған келдім мен.
Гүлдесте тағып шашыңа,
Гүл қойып сүйсем ерніңнен.
Сезімнің қоңырауы ма,
Бір әуен жүректе, міне.
Ақ гүлді омырауыңа,
Көк гүлді білектеріңе,
Тағайын, тағы жыйнайын,
Іздейін ең бір әсемін.
Әр адамына сыйлайын,
Сен жүріп өтер көшенің.
Бәрін де теріп келемін,
Бәрін де жиып беремін.
Әдемі гүлдер көп еді,
Ең әдемісі – сен едің!
Гүл теріп жүрген шақтарым –
Ол, бәлкім, өмір сүргенім.
Ал сені бірақ таппадым,
Сен өсер жерді білмедім.
Даланың ең бір төрінен,
Таулардың ең бір шыңынан,
Кездестірермін сені мен,
Кездестірермін, шұғылам!
Ерлан ЖҮНІС
176
Махаббат, бәлкім осы ма?
Табатыныма сенемін!
...Даладан, таудан асыға,
Гүл теріп саған келемін.
***
Әлдекім атымды атап шақырғандай,
Әлдекім қасыма кеп отырғандай,
тұрамын жалт қарауға дауаламай,
көзімді ашуға да дәтім бармай.
Білемін, сіз емессіз, бөтен де емес,
бөтен жан басын бұрып «көкем» демес,
жүректі сағынышпен дуалайды ол,
сол сезім кетер емес, кетем демес.
елегзіп, жоқ нәрседен тыз етер бой,
күмәншіл дүниені күзетер ме ой?!
Іңірде елеңдеткен сіз бе десем,
Сіз емес, күз екен ғой, күз екен ғой...
***
Білмеймін, өзгердің бе, өзгердім бе,
Кезеңге өзгешелеу кез келдім бе,
Күз – менің қоңыр көзді құрбым еді,
Тарсаның торғын бағын кезген бірге.
Жоғалтып жазда бірін, жолда бірін,
Көбінен көз жазыппыз қолдағының,
Құрбыжан қоңыр көзді күзім еді,
Қарайды қоңылтақсып ол да бүгін.
Жанардан жастай мөлдір жаз аққалы,
О, мені талай сезім азаптады.
Өтуде өзегімнен дір-дір етіп,
Жетілген барлық сезім қазақтағы.
Сөнгенмен сезім оты, шоғы қалды,
Бұл жүрек шоқ қарымас болып алды.
Өте алмай қалдым көбін жаздан алып,
Жете алмай жазған күнге көбі қалды.
Жазымның жалғыздығын алып ұштым,
Құрбымды қоңыр көзді тағы құштым...
...Ғафу ет, жеткізгелі келіп едім,
Дәуірі басталғанын сағыныштың!
***
Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек,
жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
...Жерге түскен жапырақты көтерші,
Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!
Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
...Құлап жатқан тамшыларды көтердім,
Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!
Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
...Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?!
***
Күн көшті ме, әлде өзім көштім бе,
үнсіз қалдым, ескі мұңды кештім де...
Ескертпеді ешкім күздің келерін,
ескертіп мен үлгермедім ешкімге!
Көшті, көшті, не көшкенін білмедім,
Босағаның неге өшкенін білмедім,
Қанатына оранды ма құстарым,
сабақтарын жамылды ма гүлдерім?..
О, білмедім, біле алмадым, не білгем,
(бәлкім, көбін білмей өтем өмірден),
Жапырағын шашып алды-ау ақ қайың,
Ақ кербездің жасы қалды-ау төгілген.
Көкті бұлыт, жүректі мұң, жерді сыз
билегені, билегені – сенгісіз!
...Бұл қалада гүлдер әлі солған жоқ,
Кімді күтіп жүргеніміз... белгісіз...
***
Қар,
сенің жауа салғаның қалай тым ерте,
Қазанға ауа салғаның қалай тым ерте?
Сағынып жүрген бір кұрбым менің болмаса,
Сағынып әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!
Менің де бұрын танылғым келген тым ерте,
Сөрелерден де табылғым келген тым ерте,
Танысып қалған кұрбыжан ғана болмаса,
Танып та әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!
Екеуміздің де тілегіміз бұл көп күннен,
Көп күннен: ой да, қуаныш, мұң да шектірген.
Ұшқындап жауып, алақандарда ерідің,
Ұшқындап жазып, жүректерде еріп
кеттім мен!
***
Қай күн еді?
Жай күн ғой, қалыпты күн,
Қалыпты күн – мен дағы қалыптымын.
Өзін-өзі құшақтап жатыр қала,
Өзі-өзімен әуре боп халық бүгін.
Жаңбыр да жоқ, қар да жоқ жауар мұнда,
Жаңалығы жоқ шығар Хабардың да.
Қонып еді бір өлең түнге қарай,
Ол да ұшып кетіпті таң алдында.
Күз боларын біле алмай, жаз боларын,
Мезгіл бүгін кезіп жүр боз даланы.
Күлімсіреп қояды күнім менің,
Күлімсіреп мен соған мәз боламын.
***
Бір айналып соғам деп күзге қарай,
соға алмадым, сізге де, достарға да...
Өмір ауып барады басқа арнаға,
көңіл ауып тұрғанмен сізге қарай.
Күз келді ме дегенше, қыр да күйді,
жол айналып, дүние-ай, түсе алмай жүр,
құс айналып, дүние-ай, ұша алмай жүр,
жер бетінде шеткері тұрған үйді.
Жалт еткенде жаңбырлы жанарда аспан,
тағы басып бір қадам алға қарай,
тағы қарап тұрмысыз жолға қарай,
терезенің пердесін жаба алмастан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу