Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  99


Автор: Ерлан Жүніс

Жазмыш жаңылтпаштары

Күнді қарсы алам,
Күнді қарсы алам,
Күнменен бірге,
Кімді қарсы алам?!
Тез келші, Күнім,
Тез келші, Күнім,
Өзгертші мені,
Өзгерші бүгін!
Түнді айналдым,
Түнге айналдым,
Қырық шырақ ұстап,
Мұңды айналдым!..
Әлем де айналды,
Өлең де айналды,
Сезім лайланды,
Көзім байланды!..
Түнмен қоштасам,
Түнмен қоштасам,
Түнменен бірге,
Кіммен қоштасам?!
* * *
Арманға сене алмайтынымыз,
Жалғанға көне алмайтынымыз,
Жылаған бақтарға бармайтынымыз,
Жаңбырдың астында қалмайтынымыз –
Қандай жақсы!
Кездесуге тез жетпейтініміз,
Кешіктің ғой деп сөкпейтініміз,
Жаңбыр мен жасқа шыланған жүзді,
Жұбатпақ болып өппейтініміз –
Қандай жақсы!
Өзімізді сырт ұстайтынымыз,
Сөзімізді сырт ұстайтынымыз,
Жаңбырда қалып, жаураған тәнді,
Жылытпақ болып кұшпайтынымыз –
Қандай жақсы!
* * *
Осы да сүю ме сеніңше,
Сезімдер құрылса егеске?
Жүректер жүректен жеңілсе,
Ол –
Махаббат жеңісі емес пе!
Жеңем деу – жаттықтан ойдағы,
Жаныңды ұға алар жат қайдан?!
Махаббат, махаббат майданы –
Жеңімпаздары жоқ майдан!
Құрбандық – адалдық үлесі,
Берілдім, жеңілдім сезімнен,
Махаббат – рас ол – күресу,
Күресу – өзге емес, өзіңмен!
Ғашықтың ең ұлы жауы – өзі,
Жаhанға жетсе де дабысы –
Жеңімпаз сырнайлар әуезі –
Жалғыздық маршы!
* * *
Шіркін-ай, жүрек деген сезбес болса,
Шарқ ұрып шар дүниені кезбес болса,
О, кімнен менің жаным аяулы деп,
Өзінен өзі қашып, безбес болса.
Шіркін-ай, жүрек деген түйнемесе,
Сағынба, сарғайма да, сүйме десе,
Күрсінбе, күңіренбе,күйме десе,
Шіркін-ай, бар еркімді билемесе.
Шіркін-ай, жүрек деген сыздамаса,
Қара түнде қамыққан қыз балаша,
Қыңбаса, жыламаса, жабықпаса,
Тоңбаса, мұнаймаса, мұздамаса.
Шіркін-ай, жүрек үнсіз жүре алса ғой,
Алды менен арты аңдап біле алса ғой.
Өзіне аян хәлді өзі ұмытып,
Өзгеге баян етпей тұра алса ғой.
* * *
Өмірге алғаш келгендігім кінәлі,
Өзінді алғаш көргендігім кінәлі,
Мен бейбаққа сенгендігің кінәлі,
Сенің ғана жазығың жоқ, сүйіктім.
Біз қарсы алған таң нұры да кінәлі,
Сол көктемнің жаңбыры да кінәлі,
Сүйгеніңнің тағдыры да кінәлі,
Сенің ғана жазығың жоқ, сүйіктім.
Саған жазған өлеңім де кінәлі,
Көргенім де, көрерім де кінәлі,
Көнгенім де, көнерім де кінәлі,
Сенің ғана жазығың жоқ, сүйіктім.
Мен сыйлаған лала гүлі кінәлі,
Сезімдердің шалалығы кінәлі,
Бәлкім, менің балалағым кінәлі,
Сенің ғана жазығың жоқ, сүйіктім.
* * *
Сөйлеп жүрмін!
Серік жоқ сөзден басқа,
Тәңір түбі берер деп төзген басқа.
Айтарымды айтайын, тіл байлама,
Көрерімді көрейін, көзден баспа.
Сөз – жұбаныш болғанда, сезім – қайғы,
Қайғырдым мен қай күні өзім жайлы?!
Өзім жайлы әңгіме бастай қалсам,
О, құдірет, болады ол өзің жайлы!
Растығы қай тұста, жалғандығы,
Біле алмадым, жазғырма армандыны.
...Әлем шулап кетеді апырмайлап,
Қара да тұр, мен үнсіз қалған күні!
* * *
Ойға алсам бәрiн жер-көктiң,
белгiм бар менiң көп жерде.
Сезiм жоқ жерде – мен жоқпын,
Мен жоқпын – жүрек жоқ жерде!
Аспаннан белгi алдым мен,
алдым мен белгi күннен де,
тастарға белгi салдым мен,
салдым мен белгi гүлдерге!
Келiсiп гұмыр кешер ме,
ғасырға лайық – сәт сүрсең,
Мен неге жоқпын, о, сенде,
Мен барда неге жоқсың сен?!
* * *
Парасатсыз Һәм парықсыз өттi күн,
Хәл сұрайтын қалқатай да жоқ бүгiн.
Бөтендiгi бiлiнедi өзгенiң,
Әлдекiмге сезiледi жаттығым.
Менiң досым, сен де оны дос, түсiн,
талғамай-ақ еркесі мен естiсiн,
Бiр сұлудан келе жатар танертең,
Бiр сұлуға бара жатар кешкiсiн,
Ол өкпесiз жан едi бiр өмiрге,
Сүю үшiн салмақ салмас сенiмге.
Кете салам деушi едi сол Әпендiм,
Кете салғым келетіні-ай менiң де!
* * *
Баяу басып келемiн баққа қарай,
бақта тосып тұр, әне, топ қарағай,
топ қарағай басында бұлықсиды,
менi мұңға батырған батпаған Ай.
Батпаған Ай жаныма батты неге,
бұл дүниеден бiр менi тапты неге?..
Бiр басымда суылдап жатқан ойдай,
Топ қарағай шуылдап жатты неге?..
Неге ғана келемiн баққа қарай,
Шақырады нелiктен топ қарағай?
Өткен күннiң өшпеген сызатындай,
Өңменiмнен өткенi-ай батпаған Ай!..
* * *
Аққан жұлдыз, өткен қызды бақылап,
Күттім оны, күттім оны не керек?!
Сағатыңыз қанша болды, жапырақ,
Сағатыңыз неше болды, көбелек?
Ол кешікті, жол кешіпті ол қалай,
Адасты ма, кір шалды ма қанатын?
Уақытты айтшы маған, толған ай,
Уақытты айтшы маған, қара түн!
Құлады ма, жылады ма, білмедім,
Сыңары ма, тұмары ма ол басқаның?
Сағат тілі қанша болды, гүлдерім,
Сағат тілі қанша болды, тастарым?
Жаңа жырым бар еді оған оқымақ,
Жаңа сыйым бар еді оған керемет.
Сағатыңыз қанша болды, жапырақ,
Сағатыңыз неше болды, көбелек?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу