Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  460


Автор: Ерлан Жүніс

Жүрегімді сақта

Жүрегіңді сақта,
Жүрегімді сақта,
Бұл алағай шақта,
бұл бұлағай шақта!
Күнге керек жүрек,
Түнге керек жүрек,
Саған құнсыз болса,
Гүлге керек жүрек!
Жүрегіңді жебе,
Жүрегімді жебе,
Өзің сүймеген соң,
Өзге сүймес деме.
Жүрегіңді қорға,
Жүрегімді қорға,
Соғып жүр ол зорға,
соғатындай сорға.
Жүрегімді тыңда,
Жүрегіңді тыңда,
Шақырмашы құзға,
батырмашы мұңға.
Жүрегіңе – рахым,
Жүрегіме – рахым,
Жүрек деген –
сұлу,
Жүрек деген –
Ақын!
Жүрегіңді сақта,
Жүрегімді сақта,
Я, Тәңірім, көз бер,
Жүрек көзі жоққа!
* * *
Шіркін, сенің жүрегің нұрдан болса,
Күнмен бірге көгімде тұрған болса,
«Тәңірден соң бір саған аманат» деп,
Көңіліме көңілің кұрбан болса.
Шіркін, сенің жүрегің гүлден болса,
Гүл күлгенде, ол бірге күлген болса,
Қызыл-жасыл дүние қызығына,
Құрғыр көңіл қана алмай жүрген болса.
Шіркін, сенің жүрегің мұнар болса,
Сол мұнарға сенімім шығар болса,
Қалау, аңсар, үміт те, жанымыз да,
Бір ойға ұйып, бір сөзге тұнар болса.
Шіркін, сенің жүрегің менде болса,
Сезімге бай, секемге кенде болса,
Ғұмыр бойы сырыңа сырым бойлап,
Қанша қазсам сарқылмас көмбе болса.
***
Осы көз – туыс маған,
Осы ерін – бауыр маған,
Көңілмен суыспаған,
Жүрекпен ауырмаған,
Кездескен кез есімде,
Ұялшақ түн есімде,
Сен соны сезесің бе,
сен соны білесің бе?!
Жанарың... есімде мұң –
өлеңдей оқылмаған,
Осы қол – досым менің,
бұл құшақ – жақын маған!
Кешікпей келші дедің,
келмедім, алыстадым,
ойларың – көршілерім,
сөздерің – таныстарым!
Сәулем-ау, содан бері –
кері жол, теріс орам,
ұнатса адам нені,
ұзамаушы еді содан,
Ал мен ше,
безінемін,
Дүние – көзіме жын,
бөтенмін өзіме өзім,
дұшпанмын өзіме өзім!
***
Тұңғиық мұңнан тұншығып шыққан
тұмса өлең –
ғұмырым менің – адасып жүрген бір сәлем!
Жүрегім бір сәт атқақтап барып басылар,
алдымда сен боп асқақтап менің тұрса әлем!
Таңдардың саған жеткізу үшін сәлемін,
арманның саған жеткізу үшін сәлемін,
үздігіп жазып үміттің нұрлы өлеңін,
Жап-жарық Жүрек, мен сені іздеп келемін!
Кең дүние мынау тарылып кетпесе екен деп,
Кең пейіл жандар камығып кетпесе екен деп,
ағыл да тегіл сезімді іркіп келемін,
жүрегің сенің жарылып кетпесе екен деп!
***
Таңертең тұрсам, таң қалып жатыр екенмін,
тылсым ойларға арбалып жатыр екенмін,
Құлазу атты құрдымға құлап кеткендей,
жылт еткен нұрға қарманып жатыр екенмін.
Сағыныш деген – сағымға сіңген көш екен,
Көңілдің көркем күймесі тағы бос екен,
Жалғыз-ақ сүріп үйренген басым өмірді,
Екеулеп енді сүре алмағаны несі екен?
Бұл үміт деген – екі дүниенің де есі екен,
Үр қызы менен Гүл қызын қалай дос етем?!
Әлемнің жанын сезе алған мынау жүректің,
Әйелдің жанын сезе алмағаны несі екен?!
***
Жымиып қана қош айтып өткен жылдарға,
жолаушы жүрек жолдарға қарап тұрғанда,
бейімделуім керек-ақ шығар бұл күнге,
кейін келуім керек-ақ шығар бұл маңға.
Басынан бұлтты, қасынан жұртты өткеріп,
о, талай сезім таң атар тұста кетті өліп...
Әлдебір жанға алғашқы сәттей ғашык боп,
әлдебір жанды ақырғы сәттей жек көріп,
әр сәтке, міне, ескерткіш қойып өлеңмен,
Ескерткіштерге Өмір деп есім берем мен!
Өлең жазуды өзімнен артық білсем де,
өмір сүруді үйрене алмай келем мен!
***
Адасып кетіп, жадымнан бір сәт жаңылып,
Таулар мен көлдер, жолдарда ұзақ сабылып,
Алдына сенің үйіңнің барып тұрсам ғой,
Өзіме таныс терезелерді тағы ұрып.
Есімнен танып, айрылып бір сәт еріктен,
Шалдығып, тоңып, жолсоқты болып
деміккен,
күйімде бір сәт қателесумен тұрсам ғой,
Өзіме таныс нөмірді тағы теріп мен.
Өткеннің мұңын өшіре алатын болса адам,
Екеуміз жайлы ең нұрлы сәттер қалса одан,
шіркін-ай, шіркін, ақылдан танып бір күні,
Жаңылып кетіп «жаным!» деп қалсам
мен саған!..
***
Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
«Қош» деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.
Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,
себелекті келгендей өлең еткім,
жаңбыр иісі... ашылған терезеден
әнін шырқап қоямын көбелектің.
Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
...Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...
***
Жауды ма күн, білмеймін, жауды ма өлең,
Жауғанына аңсарым ауды неден?!
...Жаздың соңғы түндері мөлт-мөлт етіп,
әр тамшының көзінде жәудіреген.
Жарқыраған дүние-ай, жасыл күнім,
Сенің жарқын жүзіңді жасырды кім?!.
Жаз бойына қыратта гүл ашылса,
Жаз бойына жүректе ашылды мұң.
Ашылды мұн, бүр жарды мұңның гүлі,
Мұңсыз өткен есте жоқ түннің бірі.
Зердесіне салармын мұны кімнің,
Кеудесіне тағармын кімнің мұны?!
Бұл қалада бұлт маңғақ тау көрмеген,
Маңғақ бұлтты күз желі жәукемдеген,
Жаздың соңғы түндері-ай, қайтем сені,
Әр тамшының көзінде жәутеңдеген!?
***
Жазың қайда, жапырағым?
Жаз әнін
Сезіндік қой айта алмаудың азабын!
Сезім деген – шұғыласы бояудың:
Жасылын да, қызылын да, бозаңын,
сарысын да, қарасын да, әппағын,
Жылдар бойы жүрегімде сақтадым,
Сан алуан сол бояулар ішінен,
Сені сақтап қалар түсті таппадым!
Жапырағым, жанарында күн күлген,
Тастай алмай, қош дей алмай жүрмін мен,
Сенің жазда қаларыңды кім білген,
Күзге жалғыз барарымды кім білген?!
* * *
Қалмадың неге сен мені сақтап,
О, неге ақтап алмадың?
Мен саған жазған хаттардың
әппақ
қанаты сондай талғанын,
Сезбедің неге, сезбей ме адам,
жүректің шоғы сөнбесін?
Аңсардың асқақ жырларын Саған,
Жазбасам енді... Сен кешір!
Сен кешір енді, жүректің кілтін,
Өзгеге аян бермесім:
Жалғыз қалудың ләззатын бір күн,
Сезініп қойсам, сен кешір!
Үйрене алмай кеттім-ау, шіркін,
қайғысыз, қамсыз күлуді,
Ұмытып қалсам сүюді бір күн,
Ұмытсам өмір сүруді,
Сен кешір мені, сезімсіз кезең,
Сені де жықты-ау ығына,
Бәріне, бәрі, бәріне төзем,
Төзбеймін сатқындығыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу