Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  181


Автор: Ерлан Жүніс

Күні ертең

Күні ертең... көк пен жер есенде,
Алқоңыр күздер
Мен
Көгілдір көктемдер есенде,
Сол сәтке адаспай жеткендер
Есенде,
бір ақын,
Сен жайлы жыр оқып тұратын,
Ел жайлы жыр оқып тұратын,
Жер жайлы жыр оқып тұратын,
Есіңе түскенде,
дәуірлер, замандар көшерде,
қалалар, адамдар көшерде,
О, бәлкім дәл сенің көшеңде,
О, бәлкім орталық алаңда,
Арманшыл, адасқақ сол жанға
Далалар, өзендер, ормандар,
Жолдар да, таулар да, қорғандар,
Уақыттар, халықтар, белдеулер,
Гүлзарлар, нөсерлер, желдер де,
Құлдыраулар менен өрлеулер,
Ең ұлы сезімге сенгендер,
Ескерткіш қойғанда,
Ғарышпен тыныстап жүректер,
Атқақтап, тыныш қап жүректер,
Саған кеп ұсынса, таң қалма,
Қолына гүл ұстап жүректер,
Күні ертең... көк пен жер есенде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу