Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  266


Автор: Ерлан Жүніс

Диалогтар

– Бұл кім?
– Адасқан сәлеммін бейуақ...
– Бұл кім?
– Жоғалған соқпақпын кенет...
– Бұл кім?
– Босаған көңілмін кейуақ...
– Бұл кім?
– Азанғы азына жел ек.
– Бұл кім?
– Ғайыптан оралған жолшы!
– Бұл кім?
– Сен ести қоймаған есім!
– Бұл кім?
– Бұл сенің ертеңгі көршің...
– Бұл кім?
– О,бәлкім ертеңгі досың.
– Бұл кім?
– Қашқынмын - өзінен қашқан...
– Бұл кім?
– Бұл дала көп күткен ұлмын!
– Бұл кім?
– Жазыла қоймаған дастан.
– Бұл кім?
– Жаттала қоймаған Жырмын.
– Бұл кім?
– Ентіккен жігіттің демі.
– Бұл кім?
– Теңіздің астындағы ағыс.
– Бұл кім?
– Тұтқынмын еркіндіктегі...
– Бұл кім?
– Есігін таппаған қағыс!
– Бұл кім?
– Бұл кім?!
2.
– Мені ертең оятпа, досым.
– Ұйықтасын дейсің бе әлем?
– Тағы да сол үшін кешір...
– Кешпейді Өлең!
– Бізсіз де орнында бәрі...
– Ағартпа жүректің шашын!
– Ұйқыда Әлемнің Жаны!
– Оята алмай ма Ғасыр?!
– Ол үшін Мыңжылдық қажет.
– Пайғамбар күтерсің, бәлкім?..
– Бір Ғұмыр – бір ғана мезет.
– Қорлама Мезеттер Даңқын!
– Бір ғана мезетте не тұр?
– Мезеттер – мыңжылдық Жаны!
– Бір емес сақал мен кекіл.
– Сол Кекіл – сақалдың Мәні!
– Бір ояу қалқыды Ой көкте...
– Жанған ой! Жанған ой, сөнбе!
– Өзгеріс рухы – бір Сәтте!
– Сол сәттің белгісі – Сенде!
– Сүйемін түнгі ақ Мұңды!
– Аппақ мұң – жүректің Гүлі.
– Сүйемін Ұйқысыз Түнді!
– Ұйқысыз түндердің ұлы!
3.
– Суығын қарашы кештің.
– Тоңдырған кеш емес... Ғасыр!
– Адамға сенбейді ешкім...
– Қағазға сенеді жасыл!
– Өзіне сенбейді тағы әм.
– Өзгеге сүйейді арқа.
– Ортаны жасайды Адам.
– Жоқ, адамды жасайды Орта!
– Балшықтан жасай ма бала?
– Бұл ойын – Қуыршақ Ойнау.
– Мидағы жара!
– Тамырды байлау!
– Бір парыз досты іздеп келмек...
– Бізді енді іздейді... Шүкір!
– Армандау – кедейге ермек!
– Көнбістік – қоғамдық пікір!
– Сұп-суық дірдек бар ойда...
– Жүректі аяймын бейбақ.
– Текке әуре болдың ғой шәйға...
– Сөзге – шәй, көңілге – қаймақ.
– Шәй жақсы, ащысы болса...
– Тұрмыс бар! – Кешеден қалған...
– Бөлмені желдетіп алса...
– Сөз естіп жүрерміз шалдан.
– Газетті көрдің бе бүгін?
– Құттықтай салайық...көңіл...
– Сонда да ашпайды-ей сырын.
– Өмір!..
– Балыққа шықса ғой, шіркін!
– Ауылда тамаша қазір.
– Осылай өлеміз бір күн.
– Иә, өмір – сәтсіздеу әзіл!
– Ә, сол бір жақсы дос қайда?
– Базарда. Он бес жыл... шәй...тұз...
– Сұп-суық дірдек бар ойда.
– Жүректі аяймын байқұс.
– Адамдар байыған сайын...
– Е, қазір қарайсың кімге?!
– Сорпадай сіңді ғой шәйің...
– Бір демдеп әкелейін бе?
– Жә, болар, болармыз күпті.
– Бұйымтай... Жүрістің жөні?
– Әуресі қажеттіліктің...
– Е, қайсың іздедің мені?!
4.
– Сен мені көрмедім деші...
– Түн бізді сатады бірде.
– Өзінде бар ма оның өші?
– Гүлдер!
– Қуыршақ ойнайды өмір.
– Құстардан хат келмей жүр ғой..!
– Мұң деген – балқыған темір!
– Шыңғырып жіберер бірде Ой.
– Қабырға көрсетті тілін!
– Айнадан біреу тұр қарап!
– Тойлап жүр ол өлген күнін...
– Өзі өзін тонап!
– О, неге ашылды есік?
– Бәрібір бер жағы да түз...
– Қыздардың көз жасын кешіп...
– Бөлмеде жат із!
– Берірек итерші тауды.
– Тсс... Жұлдыздар шоқынып отыр.
– Мм... Сағат жиырма беске ауды.
– Ол әлі ұйқысыз жатыр.
– Бір уыс сәуле әкеп шашшы...
– Жымиып кім отыр мұнда?
– Үнсіздік дауысы – ащы!
– Қар жауа бере ме жылда?
– Мені өзім шақырып алдым.
– Мені де шақырған өзім.
– Өзімді сен бе деп қалдым...
– Ұқсайды көзің.
– Ей, қайда кеттің? Қашпа!
– Бұл әлем Адамға сараң!
– Өзіңді апарып таста,
Өзімді шығарып салам!
5.
– Есікті кім теуіп кеткен?
– Қайыршылар жүр еді мана...
– Бәрі де бір той ғой көппен...
– Бейімсіз тұрмысқа жаңа.
– Телефон шалды ма біреу?
– Банктен ... Шақырды сотқа...
– Әй, бар іс – сорыңды күреу.
– Бәрі бар – тек біздер жоқта.
– Көршілер той қамына әуре.
– Несие аламыз деген...
– Ол да бір дәурен.
– Керең.
– Аяқтан сыз өтті мүлде.
– Болмайтын іс дедім ол да...
– Кептіре салсаң ғой түнде.
– ...жылиды зорға.
– Сағындым бозбала күнді..!
– Қартайып тұрсың ба, түге.
– Жүрегім қартайған сынды...
– Саулығың тіле!
– Әжімді арманның жүзі...
– Бар ауа – бір сенің демің.
– Әй, қайын атамның қызы!
– Ең ұлы ақыным менің!
– Жұмақ қой жаныңдағы әр күн!
– Әр сөзің – әулиедей емші.
– Болашақ не деген жарқын!!!
– Нан алып келші...!
6.
– Біреуің шам жақсаңшы енді...
– Артынан көшейік күннің.
– Қанатты бір хабар келді!
– Кезегі кімнің?
– Ойлар – бір адасқан ұлдар.
– Соқпағын іздей ме жоқтың?
– Неге үнсіз қатыгез жылдар?
– Неге оның есігін қақтың?!
– Тұншығып шығады жалын...
– О, өртеп отырсың нені?
– Жанымның жапырақтарын...
– Аяшы мені!
– Сен енді тоңбайсың, күнім!
– Жылайын сол күлді өбе.
– Бұл жүрек – бір жетім құлын...
– Кісіней береді неге?
– Қарашы өртенген сөзді...
– Суына қоймапты әлі.
– Ұмытпа осы бір кезді...
– Жалғыздың алғашқы қары!
– Көз жасың не деген көркем!
– Жылау да бір бақыт екен!
– Сені алып кетеді ертең...
– Қайтара көрмеші, көкем!
7.
– Жаңа жыл келеді дейді...
– Аяз шал тірі ме еді әлі?
– Е, келсін, мейлі...
– Келмесе әні..!
– Бұл да бір балалық құштар.
– Аяулы сәттердің бірі.
– Аппақ қар – ақ қанат құстар!
– Тек ұшып жүргенде тірі!
– Анау дос біледі мұны...
– Тек ішіп жүргенде тірі!
– Қазір гүл – бір қыздың құны.
– Қымбат қой қыздардың мұңы.
– Түу, мына көлікті қара...
– Ішінде біз жоқпыз оның.
– Бізге тек – сұқтану ғана.
– Сұқтану – тегін!
– Түнімен шулады жастар.
– Тыпыршып шыққаным деші...
– Е, қайда кешегі достар?!
– Өзгенің досы!
– Бір-бірінен аумайтын күндер.
– Ол да бір өтпелі кезең.
– Бақыт бар қонғалы жүрген.
– Мен де бір жақсылық сезем!
– Ақынды түбі ақтар жыры!
– Орғандай қылма тек пішен..!
– Не істейсің жаңа жыл күні?
– Әкесін танытып ішем!
8.
– Сен шырақ жақпадың неге?
– Оятып алармыз түнді...
– Бір әуен қалқып жүр көне...
– Киелі мұңды!
– Қайтеміз сөздерді өлген?
– Жүрекке көмейік оны.
– Жан – сұлық ғайыптан келген...
– Қасиет меңі!
– Кәрі ұят хал үсті жатыр...
– Даусыңды шығара көрме!
– Ауа да сатылды ақыр.
– Сатылып кетіпті жер де!
– Джоконда мазақ қылады...
– Тыңда...
– Жоғалды адамның жады!
– Ешкім жоқ мұнда!
– Тезірек таң атса екен.
– Біз күнді көрмейміз енді...
– Біреу бар есімі – Бөтен.
– Бір сұлу бар дейді Меңді...
– Бет-ауызы қисайды Ойдың!
– Медуза сүйкімді неткен!
– Суретін сақтап қал Айдың...
– Жоғалып кеткен!
– Жерде тек жалғыз гүл қалды!
– Сол үшін соғыс болады!
– Көрдің бе кешегі Шалды?
– Басында бәрінің жады!
– Мәңгілік тірі жүр екен...
– Алғашқы Адам дейді Оны!
– Осы күй – ендігі мекен...
– Өлімнің соңы!
9.
– Кезеңнің тәкаппар бір ұлы,
Құшақтап құлапты шөлмекті –
Шаршатып көздердің сыбыры!
– Е, менің нем кетті?!
– Тасжүрек ғасырдың құрбаны –
Сұлуға ешкім де сенбепті -
Лақтырып кетіпті жылдары!
– Е, менің нем кетті?!
– Дәуірдің ең ұлы шайыры
Хрестоматияға енбепті
Жоқшысы жоқ екен айыбы!
– Е, менің нем кетті?!
– Ауылдан бір жігіт келіпті,
Ала алмай қаналған енбекті -
Қалада қаңғырып өліпті!
– Е, менің нем кетті?!
– Кешегі соғыстан бір жесір,
Айта алмай тағдырын кермекті,
Жарының құшыпты мүрдесін!
– Е, менің нем кетті?!
– Үмітсіз тудың ба, досым-ай,
Көш жүрді, ілгері ел кетті,
Қалдың ба осылай?!
– Е, сенің нең кетті?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу