Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  117


Автор: Ерлан Жүніс

Қапер

Тағы жерідім, тағы да айныдым,
Тағы да кірді ғой ортаға қара түн...
Қош келдің, Жалғыздық,
Қош келдің, қайғылым,
Жан таппай мұң шағып баратын,
Жан таппай жанымды ұғатын,
Сенделтті бұл шаһар көшесі:
Дәл осы көшеде ұрланып мұратым,
Жоғалған арманның нешесі.
Көзімнің ұшында
Көшелер өледі...
Ар жағы мәңгілік арманның мекені.
Кей-кейде сол жаққа тартқым-ақ келеді,
Ал шешем не етеді?!
Көк базар-дүние жайлар бұл беткейді,
Білмейді ол бірақ ақшада жас барын.
Ойлансам, ойымнан қайыршылар кетпейді,
Ол бәлкім өзіммін, ал мүмкін достарым.
Түнгі оттар шақырар алыстан-алыстан,
Жолаушы-жүректі қайда ерттің көшелер?!
Оянсам – нақұрыс, ұйықтасам – данышпан,
Көшелер секілді шып-шиыр пешенем.
Көшелер – пешене,
Түкпірлер не түрлі,
Әр жерде өткеннің өрнегі.
Көшелер ескірген ленталар секілді,
Есіме салады әрнені:
Мына бір еңселі үй
селт етпеу, таң қалмау, сенбеуге ескерткіш
екенін кім ұғар?!
Бір кезгі жүрек бұл: арманшыл, аңғалдау,
Ал қазір бірі жоқ, тек қана мұңы бар.
Жарығы сөніпті... енді ешкім кірмейді,
Шықпайды енді ешкім еркелеп.
Неліктен?
Ешкім де білмейді,
Бір сұлу тұрғанын біледі ертерек.
Ол жайлы жан таппай шындықты сұрайтын,
Ойымнан шығарам, сөйтетін көбісі.
Мұңайса – күлетін, қуанса – жылайтын,
Хат жазып жүретін өзіне о кісі... –
Ол – мендік махаббат, биікке ұмсыну,
кештеткен онсыз да кешіккен көктемді.
Ол – бәлкім – құбыжық, болмаса – тым сұлу,
Қайсысы болса да, жалғыздық боп келді!
Сұлулық бірде оған өкініш тілінде,
Ертегі айтыпты обалы бес елі,
Сол күні ол ұйықтап бұ дүние түнінде,
О дүние таңында оянған деседі.
Өлді ме?
Мүмкін, жоқ!
Өкініш өтпей ме?!
Тірілтіп алған да шығар-ау кей көктем...
Біреулер айтып жүр, қарайды деп кейде,
Сол сұлу жаңбырлы түн сүйген әйнектен.
Міне, енді, сол көше,
Қараңғы күндіз де,
Бұзылған секілді келісім:
Сұлуды «Бақытты!» деп айтты кім бізге?
Ақын да бақытсыз сол үшін!
Бір сәтте табылдым, бір сәтте жоғалдым,
Махаббат көшесі жоғалған!
Мен содан түңіліп, іздеуді доғардым,
Мен содан тасжүрек боп алғам!
Тағы да жерідім, тағы да айныдым,
Тағы да кірді ғой ортаға қара түн...
Қош келдің, Жалғыздық,
Қош келдің, Қайғылым,
Тек қана ақында болатын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу