Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  176


Автор: Ерлан Жүніс

Бумеранг

Шаршатты бары, аңсатты жоғы,
Сертінен дүние тайды ма-ай?
Мен – Оғылан ем – Түркінің оғы,
Адырна таппай,
Адастым көкем Қайғыдай.
Солықтап, өксіп, ауырды басым,
Қырға да алаң, жырға алаң.
Жыласа енді сәуір жыласын,
Жыламаймын мен,
Нұрлы адам!
Бұйығы өткен бала шағым-ай,
Булығып шыққан шер – өлең.
Мұңайсаң енді, қараша, мұңай,
Мұңаймаймын мен,
Жар әлем!
Емексіп жүріп өлем бе, құрысын,
Еміренбесең – назым қай?
Оқылса енді өлең оқылсын,
Оқылмаймын мен
А сызықты жазудай!
* * *
Туған айды керілген,
Жаңа шыққан күнімді,
Сүйілмеген, сүйілмеген ерін мен
Сипалмаған, сипалмаған бұрымды,
Жаңа жырды жаттаған,
Қонақтарды күтпеген,
Ақ жағаны әлі галстук тақпаған,
Иықтарды әлі жұлдыз бітпеген,
Жас үмітті – ақ шәлі,
Мен жүрмеген жолдарды,
Саусақтарды санамаған ақша әлі,
Әлі құлып ұстамаған қолдарды,
Көзін ашқан бұлақты,
Құрақ сылқ-сылқ күлгенді,
Мақтау естіп үлгермеген құлақты,
Ғайбат айтып үйренбеген тілдерді,
Шырақты әлі жанбаған,
Жаз гүлінің қауызын,
Ешнәрсенің дәмін алып болмаған,
Сәбилердің сүп-сүйкімді ауызын,
Адал неке жүзігін,
Жүректердің дүрсілін,
Лап ететін бет ұшының қызылын,
Жер шұқыған бәтіңкенің тұмсығын,
Құрметтеймін!!!
* * *
Көктем – жас көңіл ғой, жүдесе болар күз,
Өзгелер тонайды, өзіміз тонармыз...
...Ұсқынсыз ғасырды амалсыз сүюмен,
Біз басқа дәуірді оятып алармыз.
Оянған жүректің беймаза ұлуы,
Оятар арманның ұйқылы сұлуын.
Жыласа, жыласын ақынның жүрегі,
Қайтарып беруге қайғының күлуін.
Қайтарып беруге дәуірдің үмітін,
Жыласын жүрегі, жыласын күні-түн.
Көз жасың әлемді құтқара алса егер,
Жылаудан қорықпа, жігітім.
Һәм бүкіл ғарыштық кеңестің түнінде,
Ақынның жүрегі күбірле, күбірле.
Тіл үнсіз қалғанда сөйлейді жүректер,
Сөйлейді жүректер өлеңнің тілінде.
Кеңеске мүше еді ол тумай-ақ – туғалы,
Сол түні шешілер әлемнің жұмбағы.
Бар ақын сол түні бір ақын болады,
Бір ақын болады сол түннің құрбаны.
Құрбандық сол ақын – өлген ол-өлмеген,
Сөйлейді күнменен, сөйлейді желменен.
Ақындар, ақындар – Абылдың ұлы ғой,
Ешқашан өмірге келмеген.
Мәңгі сөз жарату – ерегіс өліммен,
Ақындар жеңілмес! Патшалар жеңілген!
Бәрінің артынан күледі ол тарихпен,
Көз жасын сүртеді өмірмен!
Көктем – жас көңіл ғой, жүдесе болар күз,
Өзгелер тонайды, өзіміз тонармыз...
...Ұсқынсыз ғасырды амалсыз сүюмен,
Біз жаңа дәуірді оятып алармыз.
* * *
Мен кеше,
Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін
көрсеттім көктемге!
Мен кеше,
Жымия қарадым өткенге, кеткенге.
Мен кеше,
Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін
көрсеттім жарыма!
Мен кеше,
Сүйем деп айттым ғой тағы да.
Мен кеше,
Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін
көрсеттім бәріне,
Мен кеше,
Бір жасар ұлымды жұмсадым дәріге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу