Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  89


Автор: Ерлан Жүніс

2012 жыл


Таныс дауыс естілсе үй тұсынан,
Балкондағы көршінің иті шығар,
Өлең жазып шыққандай түні бойы
Қала бүгін кеш тұрды ұйқысынан.
Таңғы газет кешікті, кешігеді,
әтеш болмас ит әлі неше үреді.
Өткен түннің баянын айтпақшы ма,
Сымда отырған торғайлар есінеді.
Мемлекеттің мерейлі естілді әні,
Ол да таныс ақынның ескі ырғағы.
Әдетінше кеш жатқан қала түнде,
Әдеттен тыс несі екен кеш тұрғаны?
Қала бүгін кеш тұрды, шар айналар,
Шырайналар, айналған – арайланар.
Жарық күнді көргендей мың жылдан соң,
Неге аспанға үздігіп қарайды олар?
Қамсыз жатқан халықты қара-құрым,
Мешіт пенен шіркеуге қамады кім?
Пенде болып ұйықтаған түнде ғана,
Пайғамбар боп оянды қала бүгін.
Бір сәтті де қия алмай түңілуге,
Бір-біріне адамдар үңілуде.
Бірі ойлады: «Өлуге бола ма екен?»,
Бірі ойлады: «Бола ма тірілуге?».
Сонша үрейлі болар ма көк түнегі,
Көрінбейтін көз неткен өткір еді!
Тым құрыса, суретке түсіп қалар,
Бір пайғамбар келсе екен деп тіледі.
Қиын екен адамға көк сынағы,
Болмыс әлі о, талай көп сынады.
Келмеді ОЛ.
Сонда олар бір-бірінен:
«Пайғамбар емессің бе?» деп сұрады.
Ізгі хабар әлдекім таратар ма,
Таратар ма, тағар ма қара таңба?
Сақталмаған түн өтті ешбір еске,
Ақталмаған үміттің таңы атарда.
Көктен сол түн әулие емес, сенім кепті,
Адамзаттың күнәсі жеңілдепті.
Ешкім бұғауланбапты жартасқа да,
Айқышқа да еш адам керілмепті!
Ештеңе де болған жоқ. Әлем аман.
Сәл мысқылмен қарайды өлең оған.
Таңғы газет кеп жетті, жазыпты олар:
«Пайғамбар боп шығыпты пәлен адам!».
Күнтізбенің жыртылған парағы – алтын...
Жыртты, әлде жыртпады қала халқы.
...Сондай ма еді, япыр-ау, есімде жоқ,
Януардың біріне қараған түн.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу