Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  98


Автор: Ерлан Жүніс

Қылт

Көңіліме бір қылт кірер кешқұрым,
Қасиеттен жұрдай болып құбылам.
Қасақана қылығынан естінің,
Есалаңның сайқымазақтығынан.
Көңіліме бір қылт кірер бесіннің,
Сақалына жармасқанда күнбағыс.
Сатқындығы сақалданса досымның,
Ұзындығы болса және мың қарыс.
Көңіліме бір қылт кірер іңірде,
Тас жүрекке айналамын есесі.
Сұлулардың махаббатсыз тілінде,
«Сүйем» деген сөздің өлсе шешесі.
Көңіліме бір қылт кірер екінді,
Күнді жалап өшірерде тілімен.
Қолтырауынның көзінің жасы секілді,
Адамдардың мейірімсіздігінен.
Көңіліме бір қылт кірер ымыртта,
Кім кекілін сақалым деп жолықса.
Жер бетіне жаңа түскен жұмыртқа,
Жерден ауып кетемін деп қорықса.
Көңіліме бір қылт кірер құтпанда,
Ұлы өзеннің жылатқанда қайтысы.
Жұрт таңданса оны құрдым жұтқанда,
Сол құрдымның тереңдігін айтысып.
Міне, осылай, туылады мұңлы өлең,
Болмысымен жек көрумен өмірді.
Құбыжыққа айналсам да түнде мен,
Сұлулықпен кісендеймін қолымды.
Жек көрудің бола алмадым құрбаны,
Атар таңнан үмітім бар себебі,
Түсінбеймін,
Тәңірімнің құлдары
Сол кісенді неге үзгісі келеді?
Неге?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу