Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  109


Автор: Ерлан Жүніс

Шалық

Білмеймін, қашан мен жолға шықтым,
Оятты, о, кім ғарыш ұлын.
Айкезбелік пен ойкезбеліктің,
Арасын кезген жолшымын.
Жүреді жарты ай жанымда қалқып,
Ашылса түннің жанары.
Басымның сол сәт сүйегі балқып,
Шыраққа ұқсап жанады.
Қалықтап көкке көтерілемін,
Сеземін бір күш бүргенін.
Сеземін суық ғарыштың демін,
Сеземін жанның дірдегін.
Шақырады аспан жұлдызды жолға,
Құс салып өткен жолым бар.
Ояна бастап таулар да сонда,
Мұхитқа келіп шомылар.
Көшпенді-жүрек кеудемде-ғалам,
Бір жолаушы едім адасқақ.
Мың бір шырақты әлдебір шаман,
Жолымды жүрер аластап.
Биікке кетем, бәрінен жырақ,
Шақырмаңдаршы, сұранам!
Қарасам төмен, кетем-ау құлап,
Періште сынды құлаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу