Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  121


Автор: Ерлан Жүніс

Элегия

Жетімек қозы күйін кешсем мен,
Әкемнің жолы болмаған шығар, достым.
Көктемгі таңды сүйіп өссем мен,
Анашым долы болмаған шығар, достым.
Көзімнің жасы әлі кеппесе,
Көкем деп біреу сүртпеген шығар, достым.
Есік қағуға батылым жетпесе,
Ешкім де мені күтпеген шығар, достым.
Тентіреп жүрсем сөздің өтінде,
Сырласып олар көрмеген шығар, достым.
Сопайып тұрсам топтың шетінде,
Сұрайтын адам келмеген шығар, достым.
Ешқайда бүгін асыға қоймасам,
Зарығып бір жан тоспаған шығар, достым.
Айқара тағы құшақ жаймасам,
Елжіреп құшақ ашпаған шығар, достым.
Қайтейін, бәрін ұғып тұрамын,
Сонда да сүйем, сене білемін, достым.
Таңертең үйден күліп шығамын,
Күліп оралғым келеді менің, достым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу