Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  109


Автор: Ерлан Жүніс

Shoot the moon

Жалғыз шеше елде қалды,
Жалғыз ұл...
Жалғыз ұлы жолда қалды,
Ақсады...
Армандарым қайда қалды алқызыл,
Алған жарым ойда қалды сап-сары.
Алған жарым ойда қалды сарғайған,
Текке кетпей, неге ерттім артымнан.
Ой, мені де салса біреу маңдайдан,
Ой, мені де алса біреу алқымнан.
Жалғыз шеше елде қалды шошайып,
Жалғыз ұлы жолда қалды қарайып.
Оянамын: «Бас ауғанға қашайық!»
Ұйықтаймын: «Қой, осында қалайық!».
Мен Кешеден өте алмадым Ертеңге,
Қайда қашып құтыламыз Бүгіннен?
Ой, өліара құбылады желкемде,
Ой, өліара шұбырады тілімнен.
Ой, дәстүрін елеу керек жат елдің,
Желеу керек қууға да жат үшін.
Ой, ақысын төлеу керек пәтердің,
Аштықтың да төлеу керек ақысын.
Біз босаға тұтып келдік қай елді,
Босағада неге тұрмыз, сүйікті?
Ой, не етеміз ұзын тырнақ әйелді,
Ой, қожайын болса тағы иықты.
Үмітімді ақтамаған әкемнің,
Мен де бүгін жоқтамадым хақысын.
Ой, ақысын төлеу керек пәтердің,
Жастықтың да төлеу керек ақысын.
Жалғыз шеше елде қалды – жаңбырлы,
Су тимеген енді неміз сүйікті?!
Ой, не етеміз ұзын тырнақ тағдырды,
Ой, қиындық болса тағы иықты.
Алған жардың ойларына сап-сары,
Сурет салып... ой, қараймыз тамсана:
Бір мекенде гүлзарлы да бақшалы,
Ой, гүл теріп жүр екенбіз ән сала.
Алған жарым маған ұзақ қарады,
Гүлін теріп жүрміз бе әлде жат елдің?!
... Ой, ақ сүтін өтеу керек ананың,
Ой, ақысын төлеу керек пәтердің.
Жалғыз шеше елден келер, жалғызын,
Жалғыз ұлын жолға қамдар уақытта.
... Бір ақ таңда осылардың барлығын,
Айырбастап алармыз біз бақытқа.
* * *
Асқақтық туралы аспанда,
Азаттық туралы ақ жұлдыз,
Ақпанар нұрын шашқанда,
Ойладым... өзің туралы;
Жабығу туралы жылдарға,
Жалғыздық туралы шыңдардан,
Зарыға қарап тұрғанда,
Аңсадым... өзің туралы;
Көз жасы туралы нөсерде,
Өткен күн туралы ауыр бұлт,
Күрсініп терең көшерде,
Жыладым... өзің туралы;
Сағыныш туралы түндерде,
Ай нұры әлсіз түскенде,
Үмітім туралы гүлдерге,
Мұңайдым... өзің туралы;
Мәңгілік туралы жолдарда,
Қарсы алу туралы құштарлық,
Мүсін боп қатып қалғанда,
Қол создым... өзің туралы,
О, менің Тәуелсіздігім!
* * *
Оқылса өлең уақыттың атынан,
Ар жаралса сол өлеңнің затынан,
Аралап кеп сезім мұражайларын,
Ойдың кітапханасында отырам.
Биік-биік армандардың тұсынан,
Үнсіз ғана үміт құсын ұшырам.
Мен жердегі жұлдыз болып алар ем,
Аспандағы жұлдыздардан қысылам.
Көктемінде ең бір асыл мұраттың,
Бақ үшін бе, сор үшін бе... бүр аттым,
Қап-қараңғы ғасырлардың ұстазы,
Өзін көру үшін жаққан шырақпын!..
* * *
Ауырсынып шықты бүгін түн мені,
Жыларын да, күлерін де білмеді,
Қуарын да, кетерін де білмеді,
Ауырсынып шықты бүгін түн мені.
Бұл түн мені ауырсынып өткерді:
Сағынышты, жалғыздықты, өкпемді;
Қаралады, мазалады, жек көрді;
Бұл түн мені ауырсынып өткерді.
Ай «аз ғана тынықшы» деп өтінді,
Жұлдыз «бәрін ұмытшы» деп өтінді.
Құшақтады, сүйді, өпті бетімді,
Содан маған жеңіл болар секілді.
Аңыз айтты, әрі мұңлы, әрі ізгі,
Айта алмады аманатты, парызды,
Айтты, айтты қарашаны, тамызды,
Мен ертекке алданатын тәрізді.
Бір мезгілде «ұйқы бер» деп сұрады,
Бір мезгілде қып-қызыл боп жылады.
Бір мезгілде, таусылды ма шыдамы,
Талықсып кеп, талығып кеп құлады.
Ауырсынып шықты мені түн бүгін,
Ауырсына көрмеңдерші, құлдығым...
Екі ғашық секілдендік екеуміз,
Жек көретін бір-бірін...
Ауырсынып шықты мені түн бүгін.
* * *
Құстар қайтты топ-топ боп, тоқтасын ба,
Бау тағарға бірі де жоқ қасымда.
Көкке қарап қанатсыз пенде қалды,
Ақыраптың ақырғы аптасында.
Қалдым солай, қасында қалғандардың,
Қала-қала қатыгез болғандардың.
Қатал болып кетермін мен де бір күн,
Ақырына жеткенде армандаудың.
Ай, азабым ішімде, айтам ба әр күн,
Көктем келмей құстарды қайтарған кім!?
Қарашы енді бойымның тоңазуын,
Алматыға бір барып қайтам, бәлкім...
Тоңазу ма, шымырлап тараған мұң,
Жоғалған іздеріндей жағалаудың?..
...Тек ұшақпен ұшпаймын, қарай алман,
Көздеріне төменнен қарағанның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу