Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  327


Автор: Ерлан Жүніс

Өліара

Қалада –
кешегі уақыт,
Дымқылдау қараша демі.
Жылатып, тағы да жұбатып,
Үлгерді ол мені.
Көшелер – өлеңнің жолы,
Ешкім де табылмас оқыр.
Автобус тағы да толы –
Тағы да бос келе жатыр.
Бос кетіп барады көңіл,
Көңілсіз радио үні.
Қалада кешегі өмір –
Мұңымның алғашқы күні.
Сезінген алғашқы күнім,
Жалғыздық, жалғыздық сені,
Семдірді-ау көңілдің гүлін,
Ызғарлы қараша демі.
Бір топ тұр біреуге қарап,
Қабаттан құлаған биік.
Ол байғұс ішіпті арақ,
Пышақтың жүзіне құйып.
«Өлгенше ішкені несі,
Ақылдан адасқан болар?!»
Меніңше, тым дұрыс есі,
Білмейді олар...
Мейірімсізге өлі жатып,
Қарсылық көрсетер, бәлкім...
Қалада кешегі уақыт –
Уақыт сұрап жүр әркім.
Өзімде өзімнің мұңым,
Өзіме уым да балдай.
Жылағым келеді бүгін,
Ешкімді жылатып алмай.
Қымсынар несі бар елден,
Бәрі жәй көрінер бекем.
Шын жылап алғысы келген,
Жассыз-ақ жылайды екен.
Дымқылдау қараша демін,
Жұтамын бар жандай өші.
Бір досым бар еді менің –
Ал оның жоқ екен досы.
Автобус келеді үнсіз,
Радио тұншығып сөнген.
...Сіз қайда жүрсіз,
Мен кеше жаныммен сенген?!
Сендіре алмадым ба әлі,
Ақынға сенбей ме бақыт?
Уақыт сұрап жүр бәрі –
Қалада кешегі уақыт.
Келемін тұнжырап түндей,
О, қайда барарым білмей.
Әлдене өзгертетіндей,
Әлдекім өзгертетіндей...
Тәңірден, қоғамнан жырақ,
Соңғы өлең лап етіп ойда,
Әлдекім тағы өлді-ау құлап...
Әйтпесе, мен сенген қайда?
2.
Жеті түн, желексіз көңіл...
Ән салғым келгені несі?
Көшеде – баяғы өмір,
Баяғы көңілдің досы.
Бәрі де... мүлде енді басқа
Мендегі өмірдің әні.
Көзімнен тамбаған жаста
Ұрланған күндердің жаны.
Дауыл тұр, нөсер құй, жел соқ,
Бәрібір селт етпес ақыл!
... Кеудемнің ішінде селсоқ
әлдекім ыңылдап отыр.
Бір уақ шешедей боздап,
Бір ауық сыңсиды қыздай.
... Балконда... һәм ауа жаздап
ауаны қармаймын мұздай.
Төменде төбелес ызғын –
Дүлей бір жастықтың десі.
Жылаған дауысы қыздың...
Жымиғым келгені несі?!
Құс қонған балконда шаттық,
Тойлауда туған күн кешін.
Априори. Амигос. Аптық.
... Жылағым келгені несі?!
Білмеймін... ән салғым келді,
Нендей ән? Нендей ән ауыр?
Жесір түн, жетімек шерді
Қайтейін жүрекке бауыр?!
Тәңірім, осы бір сәттің
Ешқандай жауабы жоқ па?
Мен бүгін – өзіме жатпын,
Бауырмын –
өзіне жатқа!
Ән салсам... – керек ол кімге,
Кім мұнда расұл?!
...Бетховен естиді түнде
Гомердің құлаған жасын...
3.
Лә-лә-лә, келем, лә-лә,
Тұманда қалқып кешкі.
Жанымда бәрі жаңа –
Ойымда бәрі ескі.
Тұманды іңір жыры –
Күмәнді ойдың меңі.
Өмірде бәрі тірі –
Көңілде бәрі өлі.
Сұр үйлер – үйілер, үйілер,
Сұр көше – көше, көше...
Жан бүгін жалғыз билер
Естіген күйге кеше.
Ешкімге сенгім келмей,
Ешкіммен күлгім келмей,
Ешкімді көргім келмей,
Ештеңе білгім келмей,
Еш әнге салғым келмей,
Ешкім де болғым келмей,
Ешқайда барғым келмей,
Ешқайда қалғым келмей,
Лә-лә-лә, келем, лә-лә,
Тұманға сіңіп кетем.
Өзім де, өзге де, қала –
Мен жайлы ән емес екен!
4.
Қала – тарих соңы –
Бабыл мұнарасы...
...Данышпандық меңі –
Ақымақтың басы...
Ұмытылған аңыз –
Бізді туған дала.
Жеті жасар абыз,
Жетпіс жасар бала.
Сен өлмеші, ұят,
Болмысымның жасы.
Ең ақырғы тұяқ –
Жаңа ұлттың басы!
Сен өлмеші, тегім,
Мен қағанның ұлы.
Сенің кеткен кегің –
Ғұмырымның ділі.
Сен өлмеші, кие,
Ием табар ақыр.
...Қала – шөккен түйе,
Шөккен түйе соқыр.
Ең алғашқы жаста
Ең ақырғы демім.
Адамдардан басқа,
Ешкімім жоқ менің.
Ең ақырғы жаста,
Ең алғашқы демім.
Жер шарынан басқа
Ештеңем жоқ менің.
Беу, әжімді күндер,
Беу, сақалды көктем...
Қала – соқыр інген,
Күл үстіне шөккен.
Көр, көр дүние, көрім,
Көр, көр мұны, көрің:
Үйретілсең – өмір,
Бейімделсең – өлім




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу