Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  113


Автор: Ерлан Жүніс

Бошалаң

Әр сәт сайын алыстаймыз достардан,
Алыстаймыз Тәңіріміз қосқаннан.
Толтырылған тағдырыңның көзесі,
толтыра алмай көңіліңді бос қалған.
Өзге түгіл, өзіңді өзің ұнатпай,
суық сезім сырғақтайды сынаптай.
Жүрек қана жалп-жалп етіп қояды,
желді күні жана алмаған шырақтай.
Керте-керте көрген биік кетілді,
Күн айналмай құлай салар секілді.
Жел жағыңнан бір жылы сөз естілсе,
Қарап тұрып жылай салар секілді,
Күдіктен де, үміттен де кекілді,
Кемді күнде жеріп кетер секілді.
Маңдайыңнан сипай қалса бір адам,
Майдай содан еріп кетер секілді.
Ойнамай-ақ отқа барған секілді,
Барға да арман, жоққа да арман секілді,
Бас бұрарға мұрсат та жоқ, мұрша жоқ,
Жауырыннан оқ қадалған секілді.
Ойың да ояу, арың да ояу секілді,
Жолың – жаяу, сарын – баяу секілді,
Бір қарасаң ақ пен қара өмірің,
Бір қарасаң қалың бояу секілді.
Жылытып та, жылынып та жарыта алмай,
Жарға біткен жадағайлау кәрі талдай,
Өз сөзіңді өзің тағы айта алмай,
Өз қолыңнан өзің тағы тарта алмай,
Қорланасың, тұрам дейсің жоғары,
Арланасың жағалауға ағаны.
Мұңнан басқа ештеңең жоқ аяулы,
Жырдан басқа ештеңең жоқ бағалы.
Бүгін күмән, ертең тағы тұманды,
Сен кімдерді, сені кімдер ұға алды?!
Біреулермен ұнатпайсың күлуді,
Біреулермен ұнатасың жылауды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу