Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  209


Автор: Ерлан Жүніс

Есінеуік

Тым алыс қалғандай таңдану дәуірі,
Мұнда ешкім селт ете қоймайды:
Маңқылдақ ой менен сезімнің мәуілі,
Ауаға сурет сап ойнайды..!
Адамзат жалыққан бір ғажап күтуден,
Жаңаға тағы да келмейді сенгісі.
Әлемде бәрі де бітеді үтірмен,
Тек
тыйым
салуға
керек
леп
белгісі!
Дүние құлықсыз жаңалық ашуға,
Бұйыққан жүрекпен, қалғыған мименен.
...Пандора көшіп жүр ғасырдан ғасырға
жәшігін сүйреген!
Ұлы ойлар кетті де қартайған ғасырмен,
«Құдайлар» қалды тек жасында:
Жаңалық ашу жүр – тек соғыс ашу
мен сұлудың етегін ашуда!
Ұлы ұйқы басталып жатқандай әлемде,
Ояну рухына сенбейтін!..
Бір ақын ояу жүр беймаза өлеңде,
Пайғамбар болғысы келмейтін..!
Болмыс пен жан сыры – Гегельдің қонағы,
Қол бұлғап тұр әне бейтаныс пішінде...
...Маужырап жер шары домалап барады
көгілдір экран ішінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу