Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  179


Автор: Ерлан Жүніс

Отан

Мен – тарихтың шындығымын ақталған!
...Жас өмірмен қол ұстасып бақтарда
Кетіп барам,
Сергек көңіл-күйменен,
Туды мұражайлардан,
Заңды мұрағаттардан
Іздемеймін,
Ол – адамдар өмірі:
Үміті мен Сенімі.
Еркіндікті біз құстардан үйрендік,
Немесе ол – жас өмірдің көңілі.
Құс биігі – биіктік ол тудағы,
Сол қыранға еліктедік туғалы!
Қазақстан – мыңжылдықтар аңызы,
Ұлы халық туралы!
Өткен тарих ұмтылмас,
Ей, келер күн, көркем ойға құлпыңды аш:
Ұлы дала қанша ұлы ақын туса да,
Әнұранды қайта жазар күн тумас!
Табиғатым – жаңа өмірдің болмысы,
Оны ұстайтын жалғыз-ақ күш – Ар күші!
Дала туған алғашқы ақын мен емес,
Һәм мен емес соңғысы!
Көңіл – қыран, ойым – барыс таудағы,
Жүрек болса, жүрек – бөрі таңбалы.
Біз кешегі өткендерден аз білдік,
Көп білеміз келетіннен алдағы.
Мен – даланың үмітімін ақталған!
Жас өмірмен қол ұстасып бақтарда,
Кетіп барам,
Сергек көңіл-күйменен,
Дінді мұражайлардан,
Тілді мұрағаттардан
Іздемеймін,
Жүрек оның мекені,
Бесіктегі ұл жүрегі, ұлдың торсық шекелі.
Сол қазақтың қарау үшін көзіне,
Қазақ болып туу аздық етеді.
Оның көзі – отан, сенің жанарың –
Жанарыңнан жанға қуат аламын!
Жас кеудемді ғарышқа ашып барамын,
Жас өмірмен қол ұстасып барамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу