Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  129


Автор: Ерлан Жүніс

Кезегім

Мен үшін азапты бұл түнді өткеру,
Жан тағы жаурағыш келеді күзде тым...
Шошыну,
Сағыну,
Жек көру...
О, нені үйретті бізге түн?!
О, нені үйретер ол тағы,
Қара түн – күнәсі әлемнің!...
Сұрайды,
Жылайды,
Қорқады...
Мен оған не дермін?!
Сұлулық – сұлбасы күнәнің,
Қорқыныш – оң жақта отырған кәрі қыз...
Қорықтым,
Сұрадым,
Жыладым...
Жылауды үйретті сары күз!
Ой сары,
Жан сары,
Мұң сары,
Секпілді сары қыз-дүние, күлме сен!
Жырлауды білмесем бір сәрі,
Бір сәрі жылауды білмесең!
Дірдегі бойды алып күнәлі әлемнің,
Қалшылдап отырам.
Кіжінем,
Күлермін,
Көнермін,
Жалғыздық атынан!
Ғасырдың қылмысы – жүрегім,
Өлеңім – ең ессіз қылығы ғасырдың!
Түсінем,
Сезінем,
Білемін,
Сағындым,
Жек көрдім,
Шошындым!
Киелі түндердің дұғасы
Таңдарда айналар қанатты сәлемге!
Менде еді – әлемнің күнәсі,
Ал менің бар күнәм – әлемде!
Сүйемін сені, әлем, дертіңмен,
Қайда бар – мен қарсы жолығам!..
...Мен едім сол түні Абылды өлтірген,
Тағы мен мерт болған Қабылдың
қолынан..!
Бір ұлы ақиқат барлығын сеземін,
Ақиқат –
әлі ешкім білмеген, сезбеген!..
Бұл ғасыр – бұл менің кезегім,
Күнәні бөлісе алмаймын өзгемен!
Бұл түні һәм байыз таппаспын сірә да,
Ұмтылған көбелек секілді жарыққа.
...қорықпа,
сұрама,
жылама,
сұрама,
жылама,
қорықпа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу