Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  90


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Сандырақ

Таныттың тандыр дүние,
Тамыры кепкен бейбаққа.
Сыбырлап шықтың түнімен:
«Қой бақсаң қой бақ, ой бақпа»!
Қойым жоқ менің.
Ал бірақ...
Ой бақпағанда мен не етем.
Сандырақ бәрі, сандырақ,
Сандырақ ойлар нөлге тең.
Сандырақ ой не береді,
Әлдилегенде мәпелеп?
Өлең боп ойға келеді,
Шырқырап, мені әкелеп.
Мезгілі жетпей қартайып,
Қайғы ойлау менің не теңім.
Жатамын-дағы шалқайып,
Елеске еріп кетемін.
Шалқыған елес көріп шын,
Шайтанның ессіз күйі де.
Еститін құлақ беріпсің,
Оған да шүкір, дүние.
Оған да шүкір!
Әй, бірақ,
Естуден соны не таптым.
Сандырақ бәрі, сандырақ,
Сандырақ ойға тас аттым!
* * *
Талықсып тұрдым аспанның арғы жағына
телміріп,
Күмілжіп қалды көктемнің көмекейіне
жел кіріп.
Мен сонда осы көктемнің мәңгілігінен түңілгем,
Баянсыздыққа жанымды айнымас етіп сендіріп.
Мен сені алғанш көргемін, көрікті едің,
көркем ең,
Күз күні еді онда сары мұң жапырақтарды
өртеген.
Мәңгілік сағынышым деп ойламадым ғой
ол шақта,
Ынтызарлықпен кеудемнен төгіліп еді
ерке өлең.
Көкірегіме байландың, мәңгілік сонда із қалып,
Артынша қыс та келген-ді сұлу қайыңды
сыз қарып.
Көктем де келді жетінші...
Көркі енді оның құрысын,
Керемет сенің белгіңдей жапырақтарды
қызғанып.
Тек қана бізді кебіндеп, қоса алатынын
ұлы өлім,
Сезеді ылғи іңірден сұмдық сүйреткен жүрегім.
Көктем келгенде жабылып, адыра
қалып сағыныш,
Жаңбырдай тұнық жасыңмен көметініңді
білемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу