Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  93


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Ұмыту

Қалай да қалай ұмытар екем,
Осынау ғажап ескі үнді?
Күн көтерілер анау бір тұстан,
Тағы да даусың естілді.
Мәңгіртіп өтер мәңгілік мекен,
Тұрағың ба еді жүрегім!?
Гүл болып мұнда өсіп алдың ба,
Нұр болып ұшып жүр едің.
Әлімді білмей әлек болып ем,
Әлгі бір шырын шақта мен.
Алтайдың әсем бақтарынан да,
Өзіңе тең гүл таппап ем.
Сондағы менің кеудеме сыйған,
Махаббат толы өр күшке.
Тең келмес еді таудың тасқыны,
Тең келмес еді Ертіс те.
Арнама сыймай тасып кетсем де,
Асып кетсем де аңдамай.
Ақылға сыймас ағыстарыма,
Қасқайып тұрдың сен қалай?!!
Ал бүгін...
Нөсер, тасқын басылған,
Ақылым кірген анық бір.
Әр кірпік қағыс, қимылдарымды,
Сенің елесің бағып тұр.
Қалай да, қалай ұмытар екем,
Осынау ғажап ескі үнді.
Күн көтерілер анау бір тұстан,
Тағы да дауысың естілді....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу