Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  85


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Күз элегиясы

Қас сұлудың төсегіндей суынған,
Қандай мұңлы, қандай ғарып күз еді.
Ақ қайыңның жасын сүртіп жұбатып,
Шашын жұлып жапырағын үзеді.
Ғаламат сол, жасыл түске өшіккен,
Безереді сұрғылт тартып реңі.
Сары кебінмен кіріп келіп есіктен,
Жұлып алды ғашығының жүрегін.
Сондай шақта сұлдерімді сүйретіп,
Мәйханаға тартып кеткім келеді.
Мұңға оранған мұңлық күнді күйретіп,
Масаң күйде шалқып кеткім келеді.
Ерлік біткен, еңсе түскен, ес кеткен,
Тілі мылқау, ділі керең, рух өлген.
Жатырынан жылап туған сол мұңның,
Жөргегімен көз жасымды сүртем мен.
Өшіп қалған отымды үрлеп жандырып,
Іңірге мен сырымды айтып салам ән.
Кеткім келді керең күнді қалдырып,
Жындыхана секілді бұл қаладан.
Өмірде еш сағынышым қалмаған,
Мәңгүрт күйде төсегімді жылытып.
Көп отырып, асып әрең арнадан,
Сені аңсаймын, сосын бәрін ұмытып...
...Сағыныштың телефонын тыңдасам,
Арғы жағынан көрінесің мұнардың.
Әлсін-әлі сен оятып тұрмасаң,
Мәңгілікке көз ілетін шығармын!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу