Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  92


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Ертегі сынды махаббат едің

Ертегі сынды махаббат едің,
Ертегі сынды сезім ең.
Қарайтын едім қансырағанша,
Ғашықтың мұңлы көзімен.
Көретін едім көкірегіммен,
Көңілді тұман мұң басып,
Мөп-мөлдір өлең жазылатынды,
Көзімнің жасы бір қасық.
Өзіңе сондай өкпелейтінмін,
Жарасы үшін жанымнің.
Ғашықтығыма қуанатынмын,
Бақыты бұл деп сары ұлдың.
Басымды сүйеп бал елесіңе,
Жылайтын едім, жылайтын.
Қанаты сынған қаршыға жүрек,
Қасыңа келіп құлайтын.
Өзімнен артық білетін едің,
Қанатсыз, әрсіз халымды.
Ақыры бір күн сағыныш дейтін,
Сатпайтын досым табылды.
Мәңгілікке орнын толтыра алмайтын,
Айлы кештерде есем бар.
Өмірлік ішіп тауыса алмайтын,
Заһар құйылған кесем бар.
Ғашықтығымды айта алмағанмын,
Жасқаншақ сезім түрмелеп.
Жасықтығымды жерлегем сосын,
Жылағам ұзақ түнге кеп.
Көріме бірге көмілер енді,
Таба алмай өткен жүрек ем.
Егіліп тұрып оқимын саған,
Маһшар күнінде бір өлең!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу