Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  75


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Азаттық

Мен нені күтемін жұлдыздар ішінен,
арманым кісінеп?
Кеудемде тулаған қазақы жүрегім
тілдесші ақиқат құсымен.
Армансыз жырлаймын,
армансыз күлермін,
көк Туға сүйеніп.
Бағзыдағы көк бөрілердің,
кешегі көп серілердің,
рухын оятып жіберсін күлкім.
Кешегі кеудесімен көк тіреген көп шенділердің
қолында қыңсылаған көк серектің
Рухын ұшықтап бүгінгі даланың демімен,
есіне түсірсін тілі мен ділін,
есіне түсірсін ұлтын.
Кеше біз кім едік?
Біз кеше....
Айтуға тым ауыр.
Кешегі күніміз тым мұңлы жыр дастан,
бүгінгі күнімнің күмбірі бір басқа.
Киелі қазақтың кең пейіл ұғымы,
ғарышта оянған, ғарышқа үн қосқан.
Кешегі қамкөңіл қазақтың
желтоқсан қарыған ып-ыстық жүрегін,
бүгінгі ұрпақтың үр жаңа тілегін,
Тәуелсіз әніммен әлдилеп,
Тәуелсіз аспанға жазамын!
Бүгінгі жап-жарық жұлдыздар ішінен,
Кешегі ерлердің арманы кісінеп,
Тілегі көк Ту боп желбіреп,
Жүрегі күн болып елжіреп,
шаттанған мен – Қазақпын!
Беу, шіркін, Азаттық!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу