Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  81


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Кейіс

Сол үміттің саусағынан ем іздеп,
мен шаршағам сағынышым теңіз боп.
Жол да әбден шаршап қалған күтуден,
уақыт желі жүйкесін жеп бітірген.
Қала мынау тым момақан күйге енген,
сайқалдықты сайтандардан үйренген.
Сан жүректің үміттері үгіліп,
еншісінде – сезімсіздеу тірілік.
Есінейміз біз тәуелсіз елміз деп,
салт-дәстүр тек мұражайда көргізбе.
Тексіз ұлы пұл қылып мәз иманын,
ессіз қызы етегінен теңге іздеп.
Далам анау баса алмаған өксігін,
өз тілінде айта алмайды көп сырын.
Имансыздың ішірткісі ішкені,
үлкені мәз бір күн тоқтық – құс көңіл.
Мағжан сенген жастарының екпіні
өшіп қалған тігілген соң көк туы.
Билік анау көп айқайдан еті өлген,
халық мынау күлше – үмітін көтерген.
Тыныш ұйқы аналардың арманы,
«күміс күлкі» әкелердің арманы.
Бүгінгісі бар байлығын тауса ішу,
бос ыдыстар ертеңіне қалғаны.
Өз алдына орда тіккенде өр елім!
Ертеңіме тым сенімді бек едім.
Қазақпын деп қасқаямын деп едім.
Мына сәби ертеңіміз көк өрім
өз тілінде көгереді деп едім.
Сол үміттің саусағынан ем іздеп,
шалқығамын қуанышым теңіз боп.
Жол да шалқып қолын бұлғап жататын,
таң арайлап ән ұранмен ататын.
Сол үміттер ұсқынсыз боп жетіліп,
күліп жүрміз көңіл үшін өтірік.
Сенер жасың тоқтығы үшін бір күнгі,
Сенер ерің атақ үшін қылғынды.
Есіл елім, кімге сенер екенсің!!
Есіл ерім, кімге сенер екенсің!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу