Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  64


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Дала

Білмейтін уақыт өлшемін,
соныңа қызығам мен сенің.
Сағынтар әрбір тал бөлшегің,
жанымды көмсе мұң.
Сенде мен аңсайтын мың ән бар,
әр мұңым ән болып жылаңдар.
Шашымның ағартар әр талын,
қаланы қартайтар ұрандар.
Е, Дала, даланың інірі,
ертеңін күтетін егілмей.
Еңселі қасиет тым ұлы!!
Арғымақ көретін түсінде,
батырдың үзілер деміндей,
даланың күбірі.
Күзеткен шәйірдің мазарын,
тіріде жылатқан ғазалы.
Сені де әлдилеп тұрады,
естіші мынаны!!
О, қандай ғажап үн!!
Өлген соң мұңымды күзетер,
мен қашан сондай жыр жазамын.
Күлкісі тым қатты қаланың,
секілді шайтанмен үйленген,
мұңы да бөлекше күйге енген.
Шаршаймын. Шәйірдің әдеті,
шаршаса мәйхана паналау,
Мен де оны үйренгем.
Мұңлы айдың кірлеген ажары,
Астында ақынның мазары.
Тағы да құлазу, күрсіну,
үздіккен арманның ажалы.
Сағыну, қайғыру, жылауды,
о, дала, сен ғана көтерер,
еңселі һәм мұңлы, ғажабым!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу