Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  91


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Дат

Дат, Тақсыр!
Кесер болсаң міне бас, міне мойын.
Тілді кесу сіз үшін ештеңе емес,
Тісім қағып алсаң да үндемейін.
Дат, Тақсыр!
Қажығұмар тіліндей сала құлаш,
жазығы бар тілдердің обалы жоқ.
Қанын судай шашсаң да бүлік етпейтін,
біздің халық тасбауыр, оба жүрек.
Ең бастысы аяғы...
сосын көзі...
а, айтпақшы құлағы...
Құрту керек!
Аштық деген ашудың қайнар жері,
кеңірдегіне аздаған күтім керек.
Енді қайта тізгінге жармаспайтын,
кесу керек қолын да қылыш құмар.
Тілін кессең қайтадан бүр жарады,
Сталинше у берген дұрыс шығар?!
Енді болды. Бұл халық үндемейді,
Сіз құдайсыз, ісі жоқ өзгесімен.
Жер бетін жеп, жер астын ішу керек,
еш тартынба, барлығы өз несібең.
Жұмыс емес, сөзге көп сүйеніңіз.
Қылыш емес, көзге көп сүйеніңіз.
Алтынсыз жер баспасын аяғыңыз,
ен байлықтан кетпесін иегіңіз.
Сары алтыннан болсын тек саптыаяғың,
қара алтыннан болсын тек таңғы асыңыз.
Түскі асыңа уранның қаймағын жеп,
кешкі астан соң батыстық ән қосыңыз.
Алғаныңнан аз болсын бергеніңіз,
қор қызының тұрағы серуеніңіз.
Ақын деген киелі құс – нысана,
халық дейтін қоңыр аң – ермегіңіз.
Ажалға да бір айла істеу керек,
Әзрейілдің ниетін бүлдіріңіз.
Біздің халық өлмейді, қалғиды аздап,
оянғанша бәрін жеп үлгіріңіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу