Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  108


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Есіңе

Тепкілеп танытады өр тебінін,
Қатыгез өмір толқын тентек ұлым.
Айналып жан-жағыңа қарағанша,
Білмейсің өткенінде келте күннің.
Əкеңде құдды өзіңдей бала болған,
Санайтын ата-анасын пана-қорған.
Есейіп өтіп келіп есін жиған,
Сел жүріп, сең соғылған сан ағардан.
Қамалмай сенде сөйтіп өт тұманнан,
Ұнайды еркектерге отты болған.
Алды ойын, артында удай өкінішпен,
Біздің де ерке жастық өтті қолдан.
Батыр боп көрмесемде шеп бұза алған,
Көңілімде болған менің шексіз арман.
Өзендей тасыған жан сезімімді,
Өзің ұқ бəрін айтып жеткізе алман.
Өмірің менен артық дабыралы,
Тасқыны тасты ағызып тауға ұрады.
Іздесең із суытпай керегіңді,
Бəрі де бір басыңа табылады.
Жастықтың жазы барда жадыраған,
Жеткізіп жүзіңді əбден жаны балам.
Не керек алпамсадай ал кеуделер,
Жалғанда жаны түкке жарымаған.
Қашаған бақыт оңай ұстатпайды,
Жеткенше тартады адам бір сəт қайғы.
Ішінен ұшақ ұшып, пойыз көшіп,
Жүрегі есті адамның сыр сақтайды.
Жасытып жасқағам жоқ сезіміңді,
Кетілсең шаппай жатып өзің мінді.
Қиялы елең етіп қыр аспаған,
Адамның жарылқайды езі кімді.
Ақыл деп тыңда қарғам сөз аяғын,
Тасыған менде тасып азаямын.
Озбаған от басынан тірлік өлім,
Өрісін алысқа сал көз аяңның.
Əр жеміс өз дəні мен өз гүлімен,
Бəрінде боталайды мезгіл інген.
Кеудемде қаңыраған сезімге еріп,
Уақыттан жегем талай езгіні мен.
Шытырман ақ-қараның арасы əлі,
Тұлпарың шаршап талай таң асады.
Қорлық жоқ сақ жүргенде қай–қашанда,
Батырға байсалдылық жарасады.
Əкеңдей ойлап жүрме бұл ғаламды,
Тас бекіт былқылдаған бұғанаңды.
Басында бір адамның шегеленіп,
Тұрмайды қуанышта, мұңда мəңгі.
Қайтқандай еңбегіме төлем бүгін,
Шалғанын көрдім алғаш төбеңді күн.
Есіңе сақта балам адам үшін,
Өмірдің сыры сонша тереңдігін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу