Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  151


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Оқығанда

Оқығанда егей бір жыр шумағын,
Жырғап қалған жанымды біл шырағым.
Сондай өлең жаза алмай қорланғанда,
Талай мəрте ерінімді қыршып алдым.
Сұлу сурет сала алмас тіл оңайға,
Шомылдырып бал сезім шүлен ойға.
Жыр толғағы піспеген ақын үшін,
Жолығу да бір қиын бұл орайға.
Бетті жуып маңдайдың теріменен,
Намысыма сүйеніп тебіренем.
Қоя берсең өлеңнің ну ішіне,
Жарқыраған бір жолын теріп өлем.
Шерте алмасам толқытып жүрек күйін,
Өнеге үшін аруақты жырды оқимын.
Бір өлеңнің жария болуы оңай,
Бірақ есте сақталып жүрмек қиын.
Оқығанда ой салар өлеңдерді,
Шауып асқым келеді өрден өрді.
Өз жырымның шалағай нұсқаларын,
Керек боп тұр бір талай өңдеу енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу