Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  91


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Демеу

(Ақын Қажет Жақанұлы тұтқиыл кезіккен
сырқат азабын тартып жатқанда)
Бірге өсіп біте қайнап бір туыстық,
Арада өкпе-наздың бұлтыда ыстық.
Жарасқан ақ атанға екі өркештей,
Жарасып жүруші едік бір күнде өстіп.
Ауылдас мына көп қыз, ана көп ұл,
Сондағы есіңде ме адал өмір.
Елірген ерке мінез қайран жастық,
Болмаған бөтен тілеу, ала көңіл.
Нəр алып өстік сұлу ортамыздан,
Мекеннен бақыт қонды тер тамызған.
Ендеше бізде бекер жан емеспіз,
Дүбірге бойымыз ерте қызған.
Жыр жазып əлмек-сəлмек арпалыстық,
Жалындап жанымыздың аптабы ыстық.
Тындырып көр дүние бермесекте,
Қамы үшін туған елдің ат салыстық.
Елемей жан түршігер сан ығырды,
Отымыз артығырақ жанып жүрді.
Ағайын достарымыз аз болған жоқ,
Мəңгі ертіп жүрмесекте жаны бірді.
Аяанбай еңбек еттік жанымызбен,
Не қылсын масылдықтың еті бізден.
Айнымай өттік айтқан сертімізбен,
Асаудай қыл шылбырын еркін үзген.
Үймелеп көре алмастан біткен қастық,
Табанмен талай қызыл тікен бастық.
Көліктей көп артылған көн тері боп,
Нар тайса қайта келмес тіктен де астық.
Гүл берді аяп еді көктем несін,
Біз алдық жəй адамға көп бермесін.
Кемдікпе бір аяқ, қол, жүрек барда,
Қиялың қиыр кезіп көкке өрлесін.
Ауырдың жылдар өтті шапқан аттай,
Шыдадың ұждаңыңа тат жолатпай.
Адамға ет ауырмай ерлік қайда,
Шынығу деген осы нақ болаттай.
Сезімге күйіп жансаң тербеледі ой,
Шіркін-ай бір теңіз ғой пендедегі ой.
Шыбын жан бір жапырақ ет жүрегің,
Қомағай құрғыр қуыс кеудеде қой.
Тербелген жан едік қой сезім күйге,
Тағдырға тəлкек болмай өзің биле.
Не пайда қайғы-мұңның жылымынан,
Əдемі ой өрнектеп сөзді иле.
Туады атқа мінер айың əлі,
Дерт тозып өзі-ақ əлі айығады.
Əуре-бейнет тартпай жоқ екен ғой,
Ақынның рақатқа байығаны.
Несіне мұңаясың ауруға,
Бізді айтып бөленеді ауыл дуға.
Жасыңнан жан кешті боп өсіп едің,
Биіктеп тұр ғой соған тауың бұнда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу