Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  107


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Уақыт алдында

Уақыт қатал жаралған заң боп үстем,
Тынбай өтіп барады зар желіспен.
Кейде тірлік қойныңа ақсай бастым,
Екі аяғым қолдырап тар кебістен.
Қалай айтам мезгілге алғысымды,
Алып кетті бал мінез, бал мүсінді.
Сақал-мұрты күмістей бір кездегі,
Күлуші едік көргенде шал кісіңді.
Уақыт сағым кімдерден озбас мына,
Еркі алдыңа қоя ма ол тозбасыңа.
Қызық көріп күлетін бөгенайдың,
Бəрі аунап келеді өз басыма.
Келсін кəрілік несіне өкінемін,
Жүрегімнің тозбасын оты менің.
Қызығы көп қызуын тіршіліктің,
Сақтап қалар арманым, өр тілегім.
Белден кешіп жүрсемде бұралаңды,
Кім қияды мына өмір, мына дəмді.
Жамандықтан сақтай көр о, жасаған,
Қызығынан айырма бір адамды.
Өмір жолын қай жөндеп білсін мына,
Жолықпаған бұла адам жыл сұғынан.
Уақыт, уақыт болама қатал тұрмай,
Тіккен кəрін əр кімнің жықса ығына.
Ой салады уақыт кең сілемді,
Жоққа сана жалғанда есі кемді.
Еңбегіммен өркенім өсіп-өнді,
Сыйлады өмір кешікпей несібемді.
Мұнан зор ой мен айтсам расымды,
Бірдей жайсам мезгілмен құлашымды.
Зая кеткен уақыт сезген жанға,
Кешіруге болмайтын кінə сынды.
Соған бола өзімді қамшылаймын,
Танытатын табысың жан шырайын.
Ере кетпей жеңілдің жетегіне,
Ауырлардың астында жаншылайын.
Өтіп жылдар қайтадан басталғанда,
Менде көшем көлікпен басқа арманға.
Шыға беріп шиырдан жөнелемін,
Жанасқым кеп соны жол басқандарға.
Көңілім аш, айтқанмен ауыз бəрін,
Уақыт саған мен талай қарыздармын.
Соған бола кезейін қысқы дала,
Табанымнан өткізіп қар ызғарын.
Уақытқа айтар ап-ашық жарнамам бұл,
Міндетіңді арт жылдар жардан ауыр.
Асқақ тұрған ақ орда ана отаным,
Уығыңның бауы боп жалғанамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу