Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  98


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Намыс артық

Мөлт-мөлт етіп қарайсың «серуенім»,
Біліп тұрсың қабырғам сөгілгенін.
Үй ішінің сезімін білетіндер,
Жаным десе артықпа сені менің.
Гүлім, неге тұр сенің бақшаң жүдеп,
Зорлады ма тапсырғын ақшаңды деп.
Мектеп деген білімнің қолқасына,
Ұрып тұрма ақшаның ақ шаңы кеп.
Оған бола сен қарғам жыламағын,
Біз көргеміз ондайдың тар сынағын.
Ұмытпа сен үнемі үздік оқып,
Қадірленіп, сыйланған басың барын.
Сыйсыз тірлік не керек бал ақсада,
Адам еркін сынбайтын болат сана.
Ұлан қайыр шытырман дүниенің,
Тоқтайды деп ойлама бəрі ақшаға.
Алды тарлау мейлі өтсін шағың,
Баласындай өрлеп жүр патшаның.
Басы сыйлы болатын адамдарға,
Бақыт баяу ашады от құшағын.
Сындыра алмас өзіңдей тау бұласын,
Қол қысқасын несіне қам қыласың.
Біліміңді мыңғырған өрістетіп,
Бүгін кеткен есеңнің қайыр басын.
Осыны айтып қояды əкең саған,
Сендердікі болады ертең заман.
Табады ертең бүгінгі жоқты бар қып,
Намыс артық бəрінен ең тазарған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу