Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  94


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Мен

Ісімнің, сөзімнің де ағын ойлап,
Күреске түсіп жүрмін а құдайлап.
Жықпасам, жығылғам жоқ тілеулес боп,
Жүргенің қуат па екен ауыл-аймақ.
Аттамай ала жіптен анық бастым,
Адалдық құлың болып жалықпасын.
Таба алмай тал бойымнан талығып жүр,
Құрғыр арамдықтың жаны ықтасын.
Жазбадым ақ жолымнан бұралаңда,
Қадалып қас қылмадым бір адамға.
Ақ туы əділеттің желбірейді,
Көңілімнен бой көтерген мұнарамда.
Қиынға жүрегімді жаулатпадым,
Жалынып, жалбарынып жан бақпадым.
Ақ жібін арқауының үзбей келіп,
Аяулы адамдыққа жалғапты арым.
Мен осы кеткен беті жалғасамын,
Сақадай сардарымен бар жасағым.
Тыныштық жүрегіме орнағанша,
Атысып арамзамен қан жосамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу