Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  115


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Біздің үй

Біздің үйдің бұрыннан бір тəуірі,
Аша алмайды есігін бұлтақ ұры.
Бір құдайдан кейінгі панасы боп,
Қолдап, қоршап жүреді жыр тəңірі.
Жасауы жоқ асылдан көз қамаған,
Ізгіліктің оты бар маздап алған.
Табылады дүние аман жүрсе,
Талабыма тынбай қол созған адам.
Жаттығы жоқ кімге де шалқалаған,
Бізге содан елдер көп жалт қараған.
Аштан емес қиыны аттан өлу,
Ер намысын келеміз сақтап аман.
Құймасақ та қымызды мол ашытып,
Шөлдемейді қонғанда жолаушы түк.
Дастарқанға аямай бəрін үйген,
Болса болар мініміз қол ашықтық.
Өсегі жоқ өргізген кісі артынан,
Кең пейілді танбаған қыр салтынан.
Көлгірсімей күн үшін əдетіміз,
Құрмет үшін жармадай ұсатылған.
Бораны жоқ бұрқаған от басында,
Жаралмаппыз адаммен соттасуға.
Берекесі белдеулеп тұрады ыңғай,
Құтын жалған жетердей көп ғасырға.
Танытады тірлігі бір ұлы мəн,
Боп жатады күні мен түні думан.
Жаны сүйіп жазатын жандар үшін,
Біздің үйдің өзі де бір роман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу