Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  84


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Аққайша

Жаныңды сипаттауға тіл жетпейді,
Зəредей қиянатқа кім беттейді.
Түсініп тереңінен білесің бе,
Жүрегім төрін беріп құрметтейді.
Еңбекке бейім бе едің қаршадайдан,
Қара қос көмбе біздің хан сарайдан.
Бұл тірлік саған қанық, маған қанық,
Жығылып түрегелдік қанша майдан.
Кеш қайттым мен жұмысқа ерте кетіп,
Сен бақтың алтауында еркелетіп.
Отыз жыл отыз күндей білінбеді,
Кетеді-ау мынау ғұмыр ертең өтіп.
Айтылған ғашықты оқып сан аңызда,
Сезімнің балы тамған санамызға.
Тынымсыз арпалысқан тіршілікте,
Кірі жұқпай келді аппақ жағамызға.
Жырладым тату өткен сыйлы өмірді,
Айтпай-ақ біледі ішің не мұны.
Өң беріп өлеңімнің бояуына,
Сыр қылып шерттің ойға түйгеніңді.
Жарастық басқан гүлдей бір кілемге,
Қызық көп бəрін айтып үлгерем бе.
Тойдай боп өтті талай қиын күндер,
Ауырым жеңілдеп сен бір күлгенде.
Кештік бір тамаша өмір қадірлесіп,
Бұл бақыт мүмкін саған барды ілесіп.
Біз нені қам қыламыз жан аманда,
Тербеген таза сезім əлди бесік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу