Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  134


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Жаз келді

Жаз келді жарқыраған күні шығып,
Мезгіл ғой қайталанған ұлы шындық.
Онан өзге малданып жүргенімнің,
Бірі ақиқат болса да бірі сұмдық.
Жар бермеген пенденің мазағына,
Табиғаттың заңын-ай таза мына.
Көктемі – гүл, жазы – нұр, күзі – жомарт,
Қыстың қырыс мінезі өз алдына.
Жазды не деп суреттеу тең келеді,
Жаңбырының жерге құт селдегені.
Жаз лебі келгенде ашулы аяз,
Белге соққан жыландай сенделеді.
Бұлбұл сайрап бүрлеген бұтақтағы,
Көк өседі даланы қымтап тағы.
Сейіл құрған адамдар тең-теңімен,
Бақты аралап кетеді гүл тақталы.
Дала төсі тұп-тұтас киген мақпал,
Жасыл орман үкісі бұлғалақтар.
Көз тартады сəулетті қала сəні,
Көкпен иық таласып ғимараттар.
Үркер суға түскелі құлап қай уақ,
Сылқ-сылқ күліп ағады бұлақ қайнап.
Егісінің қара көк майсасына,
Егінші жүр мақтанып құлақ байлап.
Бір қызығы жазда осы малшы ауылдың,
Жинағыда осында барша дудың.
Асау мініп алыссаң көк жайлауда,
Білінбейді түгіде шаршауыңның.
Зауқың нанға тартады қайдан мұнда,
Тойып алсаң қымыз бен айранына.
Белдеуіне ат толған ақ боз үйлер,
Ақ көңілдің толады айғағына.
Тез өтеді жайлауда ай жарысып,
Жан сезімнің осында қайнары ыстық.
Төрт түлігін мыңғыртып айдап жүрген,
Бай малшыға жүреді қайдағы сұқ.
Шұрқыраған малы да, жаны да аман,
Жазғы тірлік күн ғой бір жадыраған.
Мен де жүріп сол бесік құшағында,
Өткіншінің бұлтындай жауып алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу