Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  97


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Хош, қажет

(Бала күннен досым Қажет Жақанұлының қазасына)
Сыйлағандай сұлуға, сырғалыға,
Кірісіп ең əдемі жыр қамына.
Долы құстай ашумен тасқа ұрылған,
Өкінемін бір демде сынғаныңа.
Жасырмаған жаныңның бар анығын,
Жүрегімде тұрады бала күнің.
Қуанып не мұңайсақ шүңкілдесіп,
Тоздырушы ек екі үйдің аралығын.
Жүретұғын қызынып жырға, дуға,
Жаралмаған ақ едің былғануға.
Жоғалды енді мен үшін бір тианақ,
Құлап түсті жартастай бір қабырға.
Қызық еді мінезің дара тұлға,
Ойнап жүрген қиялдың қанатында.
Көз көргенге əңгіме ұзақ-ұзақ,
Қыран күлкі қызықтар қалды артыңда.
Көп еді ойлар көкірек қамбаңда əлі,
Сүюші едің қайрат қып қамданғанды.
Кез келгенде сұм ажал кімді аяған,
Жалғанбаған апыр-ай арман қалды.
Жаңылғандай ағыстан толқын ағын,
Амал барма айырылып қапы қалдым.
Арпалыстан тынып бір демал енді,
Торқа болсын жамылған топырағың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу