Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  147


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Арнау

(С. Сəли, Б. Ғаппар, А. Бəдет, Т. Қажыбектің
мерейтойында оқылған өлең)
Керме иық құтты мекен толы деген,
Кем еді майлы-жайыр қоры неден.
Түгіндей шұбар аттың қазақ өскен,
Тоңғанын орап алып тоныменен.
Өрнегі бір-біріне өзі ұнасқан,
Жоқ сендей сері дала, сезімді аспан.
Қарағай бастауына бетін жуып,
Адамың өлең оқып көзін ашқан.
Той жасап өнері асқан ұлың үшін,
Көрсеттің ел мен жердің ұлы күшін.
Ішінде қара жердің сайлам болса,
Алдымен таққа отырар ұлығысың.
Баптаған жыр ағашын өз бағында,
Сəлиің құла керше озбады ма.
Азамат ақыныңа сүйіндің ел,
Ұзаққа ду шапалақ созған мына.
Салмақтап əр қадамың санап басып,
Тигізбей биік ұшқан қанатқа сұқ.
Қажырлы қайсар ақын келе жатыр,
Арманы, тілектері санатқа асып.
Ойының бəйшешектеп гүлі кілең,
Толғанса көл толқыған көңілінен.
Жөнелмей таптасынды шиыр ізбен,
Өмірге өз көзімен көп үңілген.
Жырлады ар-намысты асыл санап,
Шабыты ат аққандай тасыса нақ.
Даладай кең тынысты кеудесінде,
Тулаған асау сезім асыр салад.
Өтіндей жыр жазарда бір ебінің,
Бұрқырап беті майдан жүрегінің.
Жанының жайқалдырып ой мен қырын,
Қандырған ащы термен жыр егінін.
Жас күні суық кешіп бұрқасында,
Қалыңдап қиялының бұлты осында.
Артына ойып-ойып із тастады,
Жыр жазған қырық жылдың қырқасында.
Ғаппарың артық ойлы алғыр ұлан,
Заңғар боп көрінеді əр қырынан.
«Аш қасқыр» əңгімесі адам сырын,
Айтқызып түз тағысы аңға ұлыған.
Толының үн көтерді алабынан,
Əлемдік қарпу тауып қаламынан.
Шабыты тебіренсе селдей құйып,
Келеді қуаныш пен нала мұңнан.
Кезігер мұндай тұлға ара-тұра,
Тұйғындай екпін біткен қанатына.
Бой тұрқы көзге аласа болғанымен,
Ойының көз жетпейді қанатына.
Шақырған ойларының ойында ұлар,
Жанын жеп құштарлықпен сағынулар.
Бəдеттің сыңғырлаған əуенінде,
Ұларшу табиғаттың сарыны бар.
Көгерсе еңбегімен еккен шынар,
Жол іздеп қайтеді адам көкке шығар.
Аспанға болашақпен жолығатын,
Бəдеттен дауыс сіңіп кеткен шығар.
Салсаңда қанша жиып күшті егеске,
Керегің айналып кеп кісі емеспе.
Қажыбек Төтекинмен бірге өткізген,
Бал қылық бала күндер түседі еске.
Болам деп ойладық па бұл күнге ие,
Не деген зор бақыт бұл гүл дүние.
Сыр жинап көкірекке қала бердік,
Бір кездің жаққанымен қолы күйе.
Құйылған қорғасындай Қажыбегің,
Жанынан жібермеген жаз ілейін.
Көгінде көңілінің қайшыласып,
Көр ұшқан аққуымен қаз ілегін.
Көркем саз, көркем толы толықсыған,
Шабытқа сіреп қайттім сен ұсынған.
Келемін тағы айналып жыр тойыңа,
Сыр іздеп осы құтты қонысыңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу