Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  137


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Балама сыр

Тың ойдың таппай əкең түйір мəнін,
Десеңде ізді айналып шиырладың.
О, балам ұқ ежігей жүрегімнің,
Өзіңе шерткен ыстық күй ырғағын.
Өмірге сен келгелі күле қарап,
Жүр əкең көңілін бір гүлге орап ап.
Өзіңе қанды талай ой сусыным,
Бол жайған базарыңды күнде аралап.
Кезде анаң тал шыбықтай бұралған қыз,
Кетсекте қанша тəтті қиялға біз.
Айналып келгенде сол бір сен үшін,
Ие боп бұл түтінге құралғамыз.
Басталған сол тіршілік басы құтпен,
Жалғасып келеді əлі жақсы үмітпен.
Өзіңе əкелеген мойынсал боп,
Атымның алып қашқан басын іріккем.
Жарайды сырға елтуің, күйге елтуің,
Бақытын түсінетін үйде тудың.
Мен үшін келер-кетер айыбы жоқ,
Еркіңе көніп ерке үйретудің.
Мұңсыз ғой адам сəби шақта ғана,
Қуанған шыбық мініп шапқанға да.
Ұқ балам болған бір кез əкең сенің,
Бақытын тағдыр теуіп шаққан бала.
Кем болып қай нұсқамнан кетік табам,
Жатпай ма қызықтарың жетіп маған.
Бірің нұр, бірің гүл боп маңдайдағы,
Шалқытып шаттығымды кетіп барам.
Құшайын еркелеші кел күнішім,
Ерігіш саған неге менің ішім.
Себебі сен керексің, сен керексің,
Қалатын менің мұрат белгім үшін.
Бір күнде ой толғағын он туғызған,
Өзіңсің сезімді жыр оты қызған.
Алғашқы жеткен аппақ бір тілегім,
Партаңа жетелеп кеп отырғызғам.
Күзетке кірпігімнің тастап талын,
Сүйетін табаныңның басқан табын.
Тым озып шықпасамда қыр басына,
Мен əйтеуір саған үлкен бас қалқамын.
О, балам қатқан күні бұғанаңның,
Ұғасың ой мен қырын бұл ғаламның.
Басыма баянды деп жүрме алданып,
Маңдайдың тер шықпаған бұла бағын.
Шағыңда кейде ентікпей бел аса алған,
Дей көрме бəйгеде озып келе салған.
Бұл өмір өз əкеңдей жұмсақта емес,
Жүрегін үзіп алып бере салған.
Жүрегі мүлдем сені ала көрмес,
Өмір ол елжіреген анаң емес.
Шикіні қайта соққан сан балғалап,
Бар онда талай тартыс, талай егес.
Құшып сен таң арайын туғаныңмен,
Болмайды тірлік тойдай думанды үнем.
Жіберме жығылғанда ат шылбырын,
Айырылсаң жеткізбейді қуғаныңмен.
Тастама жерде қолау тай тиетін,
Өнер бар ондада ерте, жəй түйетін.
Күдірде өтер жазық жол қадірі,
Өмір тез қисайғанды қайта иетін.
Күйдіріп ыстығы бар қаталатқан,
Тоңдырып бұрқасынды жатады ақпан.
Білесің махаббат пен кекті айырып,
Бетіңе тиген қатты шапалақтан.
Бұл өмір тар жілікті жоталы дар,
Аямай өз ырысын қатарылған.
Жанады еңбегімен ер маңдайы,
Жөн балам жорта жүріп жол таныған.
Қарайсың қабақ түйсем қалам ұстап,
Көкейге түйдің сонда нені аңыстап.
Өңдерсің мүмкін қалған шимайымды,
Жаныңнан кетсем бір күн мен алыстап.
Мына өмір гүл ғой кəрі жасқа дағы,
Көрген жоқ қабағыңнан жасқап əлі.
Аз ойнап көптерді ойла алыс сапар,
Алғашқы адымнан-ақ басталады.
Жұлып ап қуатымен құзды үйірген,
Серігің өнер-білім үздік үйрен.
Көтеріп көп жаңалық дүниеге,
Ғалымда шыға келсін біздің үйден.
Ұқ балам өздеріңе жан сырым бұл,
Кешкенді намыс көрем масыл ғұмыр.
Жортқанда жолсыз жерде жоқ қуалап,
Алысқа сапарыңның басында үңіл.
Айтсамда саған шешіп ненің мəнін,
Бейнет пен рақатты тең ұғамын.
Сыр қылып шертіп тұрған жыр маржанын,
Кешірген тірлігімнен теріп алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу