Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  122


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Сүйерім

Жасымас құйылсада жəй үстінен,
Бойына өшу бермес жалын сіңген.
Жалт берген жаттығы жоқ жанасқанға,
Жақсының жарқыраған жанын сүйем.
Баураған атқан таңдай көпті ісімен,
Адалдың ақ жалынды отын сүйем.
Қайсардың қалшылдаған ашуындай,
Боранның бұрқыраған отын сүйем.
Жазбаған бас бəйгеден шабыста үнем,
Жүйріктің будақтаған шаңын сүйем.
Ашуын долы қыстың бағындырған
Көктемнің маужыраған шағын сүйем.
Өз елін қорғаған ар тынысымен,
Батырдың дүрілдеген туын сүйем.
Арыста алысқанын алып ұрып,
Маңдайдың терлеп тұрған буын сүйем.
Тербеген ой бесігін сезім сырмен,
Шешеннің өлмейтұғын сөзін сүйем.
Алдынан сан саңлақ сарапталған,
Сыншының таразыдай көзін сүйем.
Кессеңде тау қатпарын жүз мың сілем,
Кенжелдің кетілмейтін жүзін сүйем.
Өшпейтін өмірінен өрнек салған,
Өнерлі, білімдінің ізін сүйем.
Таныйтын кебенектің ерді ішінен,
Талғампаз берекелі елді сүйем.
Көлінен көңілінің көш өтетін,
Пейілі жадыраған кеңді сүйем.
Жатпайтын тау бассада дəл үстінен,
Шындықтың шірімейтін нəрін сүйем.
Жалғайтын жаныма асыл арман жібін,
Ізгілік болса өмірде бəрін сүйем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу