Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  135


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Екеуің

(Оралқан мен Қадуанға)
Айтамын күй қып, жыр қып толғасын деп,
Көрмедей көкірегім толған сурет.
Алысып құлын-тайдай тете өстіңдер,
Кейінгі балаларға қолбасы боп.
Тұтынған шолжаң болмай дара бұйым,
Бабында ержеттіңдер балалы үйдің.
Қаршадай бастарыңа қауғадай қып,
Мен үлкен арман үйдім, талап үйдім.
Шықтыңдар сол аңсаған көңілімнен,
Қуанып тəубə қылдым өмірге үнем.
Еңселі шауып жүрдім ел алдында,
Түлпардай жал-құйрығын төгілдірген.
Білдіңдер өмір сырын шамалап кеп,
Секілді болмадыңдар жалаң əйнек.
Көңілім көрік тауып ойлағанда,
Алқабы гүлге толған даладай боп.
Мен жайлы ойласаңдар күнішім не?
Жақсының шаттығы мен мұңы ішінде.
Талсада, қайырылсада қанаттарың,
Болмаңдар бірің бүге, бірің шіге.
Жаңылып жүрмесе ұрпақ артында азып,
Көңілге ата-ананың аты да азық.
Екеуің біз кеткен соң айналатын,
Болыңдар кішілерге алтын қазық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу