Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  147


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Әнші қызға

Селі ме пəк сезімнің құйып кеткен,
Тыңдаймын құшырланып, ұйып кеп мен.
Құйқылжып өмір күйі көмейіңнен,
Шыққанда, тең боп тұрам биік көкпен.
Түбінен тербеп əнің алыс қырдың,
Отымен өз жаныңның таныс қылдың.
Кеудемнен сарқыраған ағын ашып,
Шаттыққа қиялымды ауыстырдың.
Қарындас тербегенде нəзік əнің,
Келтіріп көз алдыма жаз бұлағын,
Өзеннің жүзіп ерке толқынында,
Жүремін төсінде гүл жазираның.
Көтеріп бірде зеңгір көкте ойнаттың,
Апарып жақсы арманға көпті ойлаттың.
Кейде отты сарыны боп нажағайдың,
Ерлердің еске салдың кекті айбатын.
Жебейді желпіндіріп сыршыл үнің,
Ұстатып маған да асау жыр шылбырын.
Алайын ырғағынан ұйқас ұғып,
Бұйдалап сезімімді жүрші, күнім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу